Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дзюдошы Абиба Әбужақынова Абу-Дабидегі Гранд-Слам турнирде жеңіліп қалды

ДзюдоФото:ҰОК

Абу-Дабиде дзюдодан жылдың қорытынды Гранд-Слам турнирі басталды. Байрақты бәсекеде сынға түскен екі бірдей қазақстандық дзюдошылар алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жарыстың бірінші күнінде ерлерден -60кг, -66кг, -73 келі ал әйелдерден -52, -57 келідегі дзюдошылар сынға түсті.

Олардың ішінде -52 келіде ел намысын қорғаған Абиба Әбужақынова бірінші белдесуінде 16 жастағы бельгиялық  Мэлис Дапені тізе бүктірген еді.

Алайда ширек финалда 21 жастағы қытайлық, жастар арасындағы әлем чемпионы Син Худан айласын асыра алмады.

Тартысқа толы белдесуде Абиба Әбужақынова Син Худың тұншықтыру әдісіне түсіп қалды.
Осылайша жарыстың фавориті саналған Абиба Әбужақынова доданы жүлдесіз аяқтады. Бұдан өзге 60 келіде белдескен Мағжан Шамшадин де БАӘ-нің аспортшысы Константин Симеонидиске есе жіберді.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова дзюдодан еліміздегі ең танымал балуандардың бірі. Ол үш рет әлем чемпионатында жүлде алған. 2025 жылы күміс, ал 2022, 2024 жылдары қола жүлдеге ие болған. Азия чемпионаттарында 2 мәрте күміс медальға қол жеткізген. Сондай-ақ дзюдодан қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионатының финалисі.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 28 Қараша, 2025 16:48