"Дұрыс, үйрену керек": Бектенов вице-министрді қазақ тілінде жасаған баяндамасы үшін мақтады

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкинді мақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министр көлік-транзит саласына цифрлық құралдарды енгізуге арналған баяндамасын толықтай қазақ тілінде оқып, үкімет басшысының оң бағасын алды.
"Жақсы, қазақ тілінде баяндадыңыз. Дұрыс, үйрену керек", – деді Олжас Бектенов.
Ростислав Коняшкиннің баяндамасына сәйкес, қазір көлік-транзит саласындағы барлық 38 мемлекеттік қызмет онлайн түрде көрсетіледі.
2024 жылы қызметтердің 94 пайызы электронды форматта көрсетілген. Бұл, вице-министрдің айтуынша, "цифрлық сервистердің халық пен бизнес үшін ыңғайлы екенін дәлелдейді".
Коняшкин мемлекеттік тілді меңгергені үшін премьер-министрдің мақтауына ие болған алғашқы шенеунік емес. Ақпанда Олжас Бектенов сол кезде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болған (қазіргі жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі) Дмитрий Мунды да қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін мақтаған еді. Премьер Дмитрий Мунды "сөзінде тұратын адам" деп атаған.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді