Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Думан Мұхаммедкәрім дәрігерлердің бақылауында – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті

думан мұхаммедкәрім

Фото: facebook.com/esbolat.kz

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы түрмедегі журналист Думан Мұхаммедкәрім дәрігерлердің бақылауында екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Думан Мұхаммедкәрімнің қалалық емханаға жатқызылғанын айтты.

“Медициналық бақылаудың қорытындысы бойынша оның жағдайы қанағаттанарлық деп танылған. Сотталушы жүйелі түрде жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерден өтіп, зертханалық талдау жүргізіліп, мамандардың тәжірибелері мен консультациясын алды", – делінген хабарламада. 



Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 30 тамыз және 19 қыркүйекте жоспарлы клиникалық, зертханалық және диагностикалық зерттеулер жүргізілгенін, ауыр сырқаттану белгілері анықталмағанын, өмір мен денсаулыққа қауіп төнгенін атап өтті. Оны медицина қызметкерлері жіті қадағалап отыр, шағымы жоқ.

"Сотталған Думанның камерасына белгісіз зат лақтырылды деген хабарламалар бойынша қызметтік тексеру жүргізілді, оның ішінде бейнебақылау камерасының жазбалары қаралды. Тексеру кезінде бұл факт расталмады. Сотталғандардың жағдайы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тұрақты бақылауында. Биыл адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен ұлттық профилактикалық комиссия мүшелері екі рет мониторинг жүргізді", – деп толықтырды комитет.

Облыстағы және мекемедегі медицина қызметкерлеріне тиісті ұсыныстар берілді.

Еске салайық,  Думан Мұхамедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілініп, маусымның соңында қамалған. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналист ісінің саясиланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 10:52
Талқылау