Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дүкенге бара жатқанында оқ жаудыртқан": Қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиіп мерт болған 12 жастағы Сұлтан Қылышбектің ісі тоқтатылды

2022 жылы қаңтарда Қазақстандағы алаңдар мен түрмелерде 238 адам қаза тапты. Қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиіп мерт болған 12 жастағы Сұлтан Қылышбектің ісі тоқтатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Атылған бір оқ Гаухар Керімбекова мен оның отбасының өмірін астан-кестен етті. 2022 жылғы 5 қаңтарда Гаухардың көз алдында баласын атып өлтірген.

Ол Алматының іргесіндегі ауылдан ұлын таңғы жаттығуға қалаға әкелген. 12 жастағы Сұлтан  спортпен айналысатын. Арманы атақты футболшы болу еді.

Олар жаттығуға шыққан кезде қалада мұндай тәртіпсіздік орын алады деп ойламаған. Алайда қала тіршілігі өзгергенін көріп, олар Алматыдағы туыстарының үйінде қалады. Кешкісін екеуі азық-түлік алуға үйдің қасындағы дүкенге шыққан. Сұлтан аспаннан жарқылды байқап, оны телефонға түсірмекші болғанда, қарсы беттегі ғимарат, яғни Әуезов аудандық полиция басқармасынан оқ жауады. Оқ баланың басына тиіп, мерт болды.

Гаухардың айтуынша, көпшілігі оның өзін айыптап, баласының өліміне кінәлайды. 

“Сұлтан туралы жаңалық оқып отырсам, астына біреулер "өзі кінәлі", "жауапсыз анасың" деп жазып кетіпті. Бейтаныс адамның қаралағанынан бөлек,  жақындардың өзі "балаңды неге алып шығасың?", "аман алып қала алмадың", "айқайлап жүгіргенше, алғашқы көмек көрсетпейсің бе?" деп ауыр сөз айтты. Сұлтанның гүрс етіп құлағаны, басынан қан аққаны ғана есімде… Мұндайды көтеру қиын”, – дейді марқұмның анасы.

Сұлтанның қазасынан кейін отбасының шаңырағы шайқалып, ерлі-зайыптылар ажырасып кетті. 

Қазір ол балаларымен бірге Әуезов ауданындағы бұрынғы мақта-мата комбинатының жатақханасында тұрады. Әр қабатта ортақ әжетхана мен қол жуатын орын бар. Мұнда тұру үшін ай сайын 60 мың теңге төлейді.

Гаухар 40 жаста, жұмысқа кештеу араласқан. Мамандығы бойынша геодезист, тұрмысқа шыққаннан кейін бала тәрбиесімен едәуір уақыт үйде отырған. Қазір негізгі жұмысынан бөлек тапсырыс бойынша төсек-жайма тігеді.

Сұлтанның қазасынан кейін ол көп балалы ана мәртебесінен айырылды. Бұрын оған 50 мың теңге шамасында жәрдемақы төленетін. 

“Бізге өтемақы берді ғой. Соған мата алып, тігіншілікті қолға алдым. Балалар өсіп келеді, оларды қатарынан кем қылмай өсіру үшін жұмыс істеуге тырысамын”, – деді Гаухар.

Гаухар тергеудің әділ өтетініне сеніп жүргенінде, іс тоқтатылғаны анықталды.

“Ұлымды атқандар табылады деп үміттендім. Олар "қылмыскерді іздеп жатырмыз, табамыз" деді. Күттім. Сендім. Желтоқсанда істі жауып тастағанын білдім. Оқ атқан адамды табуға мүмкіндік жоқ дейді. Құр уәдемен алдады, ал біз сене береміз. Ақымақ халықпыз. Көңілім қалғаны сонша, не істерімді білмеймін. Соңдарынан қалмасам, менен құтылу үшін қылмысты жазықсыз біреудің мойнына іліп жібере ме деп қорқамын”, – деді марқұмның анасы.

Оның ойынша, тергеушілер Қаңтар қырғынында ұлына оқты кім атқанын біледі.

“Әуезов аудандық полиция басқармасына қарама-қарсы жерде болды. Сол кезде басқарманың шатырында қарулы адамдар тұрғанын көрдік. Оқтың траекториясын анықтаған кезде полиция басқармасының екінші қабатынан атылған. Табу соншалықты қиын ба?!” – дейді ол.

Баласынан айырылған ана сол кезде интернет бұғатталғандықтан, елде не болып жатқанын білмеген. Тіпті ескертусіз оқ атылады деп ойламағанын айтты.

Айта кетсек, қаңтарда оқ тиіп қайтыс болған төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты қозғалған іс тоқтатылды. Бұл туралы марқұм бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан айтып, Еуропарламентке үндеу жасады.

Талқылау