Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүкенде сауда жасаған соң сатушыны оятпай, бейнекамераға түбіртек көрсеткен астаналық жігіт желі қолданушыларын тамсандарды

Астаналық студент Бақдәулет Арманұлы дүкенде ұйықтап қалған сатушыны оятпай, тауарды төлеп, бейне камераға түбіртекті көрсеткен. Оның бұл әрекеті видеоға түсіп қалған. Бірнеше күнде әлеуметтік желіде танымал болған оны Stan.kz тілшісі әңгімеге тартты. Көпшілікті тәнті қылған 20 жастағы жігіт Астана медициналық университетінің жалпы медицина факультетінде 4-курс студенті екен. Ол оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Бақдәулет Арманұлы, жеке архивтен

Бақдәулеттің айтуынша, оқиға қыркүйек айының 28-і күні болған. Бұл бейне-ролик оқиға болған күннің ертесінде желіде таралып кетіпті. Видеоны жігітке достары жіберген.

"Үш ұйықтасам түсіме кірмеді. Әлеуметтік желіде танымал боламын деп ойламадым. Бар болғаны сатушыға түбіртекті көрсеттім. Өмірімде мұндай жағдайға кезіккен емеспін. Сатушы бейнебақылау камерасын қараған сәтінде байқапты. Өзі видеоға түсіріп, TikTok-қа салған. Қаралымы артқан соң, Instagram желісінде де таралып кетті. 

Дүкен Астана қаласындағы Шаймерден Қосшығұлұлы көшесінің бойында орналасқан. Сатушымен де таныстығым жоқ. Тек анда-санда дүкеннен керек-жарақтарымды алатынмын. Бұл кезде рамен сатып алуға кіргенмін", – дейді 20 жастағы жігіт. 

Айтуынша, сатушының ұйқысын қимай, оятқысы келмеген.

"Дүкен кассасында ұйықтап қалыпты. Оятып көруге тырыстым, бірақ оянбады. Рамен бағасы мен Каспий номері, бейнекамера тұрды.  Алған тауарымды төлеп, бейнекамераға көрсетіп шығып кеттім. Бұл жағдайды теріс бағалап  жатқандар да бар. Тіпті желіде қате пікірлер де тарап жүр. Тауарды төлемей кетіп қалу ойымда да болған емес. Бір адамның келе жатқанын да байқадым. Оны екінші сатушы шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, ол да мен сияқты жай тұтынушы екен. Менен кейін ол кісі столды қатты ұрып, сатушыны оятыпты”, – дейді ол.

Бақдәулет Арманұлы, жеке архивтен

Сөзінше, әрекетін дұрыс түсінбегендер де табылыпты. 

“Камерада қолымды қалтама салған екенмін. Желі қолданушылары камераны көрген соң ғана төлеген дейді. Мүлдем олай емес. Онлайн төлем жасаған соң, чекті көрсетуге бейнебақылауды іздедім. Бірнеше күннен кейін дүкенге барғанымда, сатушымен сөйлестік”, – дейді ол.

Ол өзі және отбасы туралы айтып берді.

"Үйдің үлкенімін. Менен кейін үш қарындасым мен інім бар. Анам – мұғалім, ал әкеміз – жеке кәсіпкер. Өзімен кейінгі қарындасым студент. Қалғандары мектепте оқиды", – дейді сұхбат беруші.

Сөзінше, ата-анасы, әсіресе әкесі адал жолмен жүруге үйреткен.

"Мектепте де теріс тәрбие алмадық. Күнделікті өмірдегі жағдай ғой. Кез келген адам баласының бойында қарапайымдылық болу керек деп ойлаймын. Әр адам өзінен бастағаны дұрыс. Өзі қандай болса, айналадағы оқиғаны да солай қабылдайды. Теріс пікір жазғандар, бәлкім, басқаша жасар ма еді. Оң пікір жазғандар тура мен сияқты әрекет етер ме еді деп ойлаймын", –  деп ол сөзін аяқтады.

 

Қадырбек ӘУЛИЕАТА
 

Талқылау