Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дубликат нөмірлерді пайдаланады": Елордалық полицей телефон алаяқтарынан қалай қорғану керектігін айтып берді

Технология дамыған сайын алаяқтардың да әдіс-амалдары көбеюде. Мәселен , елордамызда жыл басынан бері телефон және интернет алаяқтығы бойынша 2800-ге жуық қылмыстық іс тіркелген екен. Астана қаласы криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Айдар Қонысбек қылмыскерлердің жиі қолданатын амалдары мен олардан қалай сақтану қажеттігін айтып берді. 

Астана қаласы криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Айдар Қонысбек былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл телефон және интернет алаяқтығы бойынша қылмыс саны көбейген. Полиция қызметкерінің сөзіне сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 3300 қылмыстық іс тіркелсе, ал осы жылы сегіз айдың өзінде тіркелген істердің саны 2800-ден асып жығылады. Бұдан  телефон алаяқтығы фактісінің өршіп жатқанын көруге болады, дейді маман. 

“Осы жылдың мамыр айында қаскөйлер елорда тұрғынының 137 миллион теңгесін қолды қылған. Олар азаматтың криптовалюталық әмиянындағы қаражатты басқа шотқа аударып ұрламақ болған. Алайда қылмыстық топ ұсталып, олардың арасында Қазақстан мен Ресей азаматтары бары анықталды. Тінту барысында ұсталғандардан ақша, ұялы телефондар, сим-карталар, түрлі банктердің 20-дан астам төлем карталары, сондай-ақ банктік карталардың кілтсөздері мен атаулары бар жазбалар тәркіленді”, – дейді полиция қызметкері. 

Аға лейтенант кибералаяқтарды ұстауда жеделділік маңызды рөл ойнайтынын алға тартты. 

“Қылмыскерлерді құрықтау жұмыстарының қалай өтетінін толығымен айта алмаймын. Себебі әр қылмысты ашудың өзінің алгоритмі бар. Алаяқтар көп жағдайда телефон нөмірлерді дубликаттациялайды, бұл нөмір банкке немесе кездейсоқ адамға тиесілі болуы мүмкін. Басқа елден хабарласатын қаскөйлер көбіне осындай қадамға барады.  Сәйкесінше тұрғындарға қазақстандық нөмір қоңырау шалып тұрғандай көрінеді. Азаматтардың алданып қалуы себебі де сол”, – дейді ол.

Бұған қоса ол алаяқтардың қолданатын танымал әдіс-тәсілдер жайлы айтты.

“Сіздің шотыңызға қауіп төніп тұр, біреу сенімхат арқылы шотыңыздағы қаражатты шешіп алмақшы” деген секілді сөздер айтып, банк деректерін біліп алуға тырысады. Тіпті сеніміңізге кірген соң телефоныңызға код жіберуі де мүмкін. Есте ұстау қажет жайт: банк қызметкері ешқашан сіз туралы деректерді сұрап, хабарласпайды. Өйткені сіз жайлы бүкіл ақпарат банктің базасында тұрады”, – дейді жедел уәкіл. 

Сонымен қатар Айдар Қонысбек телефон алаяқтары WhatsApp желісінде сөйлесуге шақыруы мүмкін екенін айтады. 

“Ал банк қызметкері ешқашан WhatsApp арқылы байланысқа шықпайды. Алаяқтар шетелден хабарласатындықтан олар роумингке көп ақша жұмсайды. Сол себепті де қауіпсіз желі ретінде WhatsАpp-қа ауысуға тырысады. Бұнымен қоса олар ешқашан қазақша сөйлемейді. Егер хабарласқан адамды тексеріп көргіңіз келсе, қазақша сөйлеп көріңіз”, – дейді ол. 

Осы тұста жедел уәкіл телефон немесе интернет алаяқтары шетел азаматтары болса, оларды ұстау қиындық туғызатынын жеткізді.  

"Бірқатар себептермен, соның ішінде трансшекаралық мәселелер бойынша интернет-алаяқтықты ашу және тергеу белгілі бір қиындық туғызады. Ол үшін халықаралық тапсырма жіберілуі керек. Мұның жауабы да ұзақ келеді. Шетелден құжат алу - қиын процесс. Қылмыскерлерді тапқан күннің өзінде де ұстай алмаймыз”, – дейді Айдар Қонысбек. 

Осы орайда аға лейтенант қазіргі таңда шетелден келетін телефон алаяқтығының алдын алу бойынша шаралар қарастырылып жатқанын атап өтті.

“Біз шетелден түскен дубликат нөмірлерді анықтап, бұғаттауды ойлап отырмыз. Мәселен, Қазақстанда тіркелген иесі бар, жұмыс жасап тұрған нөмір шетелден қоңырау соқса, бірден оны бұғаттайтын жүйе ойластырылып жатыр”, – дейді ол. 

Айдар Қонысбек ақпарат заманында алаяқтықтың түр-түрі пайда болып жатқанын тілге тиек етті. 

“Қоғамда бір өзгерістер болса, алаяқтар соны өз мүддесіне пайдаланады. Қазіргі таңда қазақстандық компаниялардың оның ішінде, ҚазМұнайГаз немесе Kaspi Bank-тың атын пайдаланып, “компания әр тұрғынға осынша қаржы береді, ақшаңызды осы жерге инвестициялаңыз”, “Марғұлан Сейсембай табысыңызды 10 есе ұлғайтатын жоба ойлап тапты” деген секілді алаяқ жарнамалар көп. Оларды алаяқтар көбіне Youtube желісінде пайдаланады. Сондай-ақ адамдарды сендіру үшін президенттің суретін орналастырып қояды. Бұнымен қоса OLX қосымшасы арқылы да алдайтындар да шығып жатыр. Егер Қазпошта арқылы затты алғызамын дегендерге кезіксеңіз, оларға сенбеген жөн", – дейді жедел уәкіл. 

Полиция қызметкері бүгінде елордада тұрғындарды интернет алаяқтарынан сақтандыру үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. 

“Полиция департаментінің сайтында, әлеуметтік желідегі парақшаларымызды әрқашан халықты ескертіп отырамыз. Әкімдікпен бірігіп те жұмыс жасаймыз. Мәселен, профилактикалық бейнероликтерді WhatsApp мессенджерінде, әлеуметтік желілерде таратамыз. Бұнымен қоса тұрғындарды құлақтандыру мақсатында LED экрандарда, банктерде, лифтілерде алаяқтық туралы хабарламалар ілініп тұрады. Қазіргі таңда жеке компаниялармен, әкімдікпен бірлесе отырып, тұрғындарға интернет алаяқтарынан қорғау үшін жаңа шаралар атқаруды жоспарлап отырмыз”, – дейді полиция қызметкері. 

Сөз соңында криминалдық полиция басқармасының қызметкері телефон және интернет алаяқтарына алданбау үшін бірқатар кеңес берді. 

“Егер әлдебіреу хабарласып, өзін банк немесе ішкі істер қызметкерімін деп таныстырса, қазақша сөйлеп, деректерді тексеретіңізді жеткізіңіз. Содан кейін айтылған банк мамандарын оқиға жайлы хабардар етіңіз. Жеке және банк деректерін, келіп түскен смс-кодтарды, картадағы CVV кодтарды біреуге айтудан аулақ болыңыз", –  дейді маман.

Бұған қоса ол әлеуметтік желілерде, мессенджерлердегі сілтемені ашпауға шақырды. 

"Ашқан күннің өзінде ешқандай деректерді енгізбеу керек. Өйткені сіз көрсеткен деректеріңізді экранның ар жағынан басқа адам көріп отыруы мүмкін”, – дейді Айдар Қонысбек. 

Талқылау