“Дуа жасалған” деп айтты”: Рамазан Амантай салмақ қосуының себебін түсіндірді

Танымал актер, ақын Рамазан Амантай “Байсеміз LIVE” подкастына берген сұхбатында артық салмағы жайлы айтып, қазақстандықтарға үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі өзіне салмағына қатысты сұрақ жиі келетінін жасырмады. Ол біршама уақыттан бері артық салмағының әсерінен өмір сүру қиындағанын, алайда түрткі болмағандықтан қимылдамағанын жеткізді.
“Негізі өзіме 100 келіден асқаннан бастап ұнамай бастадым. Бірақ ол уақытта қатты сын бола қоймайтын, халық “өзіміздің балақай” деген сияқты жазатын. Кейінірек ол да өзгерді”, – деді ол.
Актердың артық салмағы анасы мен келіншегін қатты қынжылтатын көрінеді. Ол осы тұста көпшілікке тіл қатты.
“Мен ер азаматпын, кез келген сынды қабылдай беремін. Бірақ анам мен келіншегім көңіліне алып, қайғырады. Осы адамдар үшін жаман пікір жазбасаңыздар екен. Менің көңіл-күйім пікірлерді оқығаннан емес, жақындарымның қынжылғанынан түседі”, – деді ол.
Рамазан Амантай бәрін “түсінгенін”, енді денсаулығын қолына алатынын айтты.
Ол сондай-ақ салмақ жинауының ықтимал себебін де түсіндірді.
“Мен негізі үлкен додаға ерте кіріп кеттім-ау деп ойлаймын. Продюсерлік жолдың да өзіндік машақаты көп. Адамдар мұны ақталу деп түсінетін шығар, бірақ кім қалай қабылдаса да өзі біледі. Күнде 101 проблемамен оянған кезде салмағың жайлы ойламайды да екенсің”, – деді ол.
Осыдан бір апта бұрын актердің салмағы 161.5 келі болған, дұрыс тамақтану мен жаттығуды бастағаннан кейін 156 келіге түскен. Ақын “Бизнес по-казахски” фильміне түскен сәтінде 70 келі болғанын айтып, “халықтың алдында семірдім ғой” деп қалжыңдады.
“Кейінгі кезде өзіме қиын болып кетті. Ұнатқан киімімді кие алмаймын, тіпті аяқ киімімді кию қиынға соғады. Түнде ұйықтай алмаймын, сондықтан көбінесе көлікте ұйықтаймын. Бұдан бөлек салмақ деген өмірге әсер етеді ғой, энергия мүлдем жоқ. Отбасың мен жалпы өзге адамдармен қарым-қатынасқа әсер етеді екен”, – деді ол.
Бұған қоса Рамазан Амантайдың сөзінше, отбасы тарапынан көріпкел, бақсыларды шақыру тақырыбы да көтеріле бастаған.
“Отбасым “көз тиген” деп көрінген адамдарды шақыратын болып кетті. Жақында өзім де шариғат бойынша әрекет ететін кісіге барып дем салдырдым, ол да “дуа жасалған” деп айтты”, – деді ол.
Актер оның бұл сөзіне сенер-сенбесін білмейтінін, түсініксіз сезімде болғанын айтты.
Өнер иесі өте аз қимылдайтынын, ал сауық-сайранды жақсы көретінін жасырмады.
Рамазан Амантай салмақ тастау туралы нақты шешім қабылдауына не түрткі болғанын да бөлісті. Ол жақында медициналық тексерістен өткен, анализдер нәтижесіне сәйкес, дәрігерлер арықтамайтын болса, 36 жасқа дейін денсаулығы “жарамайтынын” айтқан. Бүгінде өнер иесі 27 жаста.
Айта кетейік, бұған дейін Рамазан Амантай 36 жасында өмірі тоқтауы мүмкін екенін айтып, арықтауға уәде бергені хабарланған еді.