Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дрон басқарудан жасанды интеллектіге дейін: биылғы PRO.NRG FEST 2025 несімен ерекшеленеді?

Зарина Алмабекова. Фото жеке архивінен

20 қыркүйекте Астанада ғылым, технология, білім және өнер саласына қызығатындарды бір алаңға тоғыстыратын PRO.NRG FEST 2025 өтеді. Биылғы басты тақырып – "Тамыры тереңнің бұтағы биік". Chevron компаниясының серіктестігімен өткен фестивальде сарапшылар өзекті идеяларын ортаға салып, қонақтар шеберлік сабақтарға қатысады. 

PRO.NRG FEST 2025-ке 30-дан астам сарапшы қатысып, маңызды тақырыптарды талқылайды. Солардың бірі – Қазақстандағы алғашқы дрон қыз атанған Зарина Алмабекова. Ол оқушылар мен мұғалімдерге дронды басқаруды, құрастыруды және жөндеуді үйретеді. Тіпті, Қазақстанда, Орталық Азия елдерінде дрон басқару, бағдарламалау бойынша түрлі шеберлік сағатын, жарыстарды ұйымдастырып жүр. Фестиваль сахнасында да ол осы тақырыпты көтермек. Заринаның сөзінше, алдағы жылдары дрондар әр салаға енеді,  тіпті дронды басқару болашақ мамандар үшін міндетті дағдыға айналады. Сол себепті мұғалімдердің де осы құралды меңгеруі қажет.

"Дрон – өмірді жеңілдететін тиімді құрал. Шахтада талай қайғылы оқиғалар болды, себебі шахтаны қазып, ол жерді тексеруге адамды жібереді. Дронға ауа ылғалын, қабырға қалыңдығын өлшейтін және тағы басқа қызметті істейтін сенсорды орнатып, шахтаға жіберсек, әлдеқайда қауіпсіз болар еді. Ауыл шаруашылығында да пайдасы зор: бір агродрон бір сағатта 21 гектар жерге дән немесе дәрі сеуіп шығады. Бұл уақытты үнемдеп, жұмысты жеңілдетеді. Сондай-ақ дрон өрт пен су апаты кезінде алдын алу мен салдарын жоюға көмектеседі. Бірақ ол үшін дрон тілін түсінуіміз қажет. Сондықтан, меніңше, әуелі педагогтарға үйрету керек, өйткені олар алған білімін оқушы мен студентке жеткізеді. PRO.NRG FEST 2025 кезінде мен дронның құрылымы мен түрлерін, қалай қолдану керегін, оны ұшырғанда нені ескеру керек екенін және жалпы дронды басқарып үйренгеннің маңызын барынша түсіндіріп беремін", – дейді Зарина Алмабекова.

Фестивальде тарихшылар қазіргі біздің жерде бұрын өмір сүрген көне халықтар мен көшпенді өркениеттің тарихын баяндаса, сарапшылар өткеннің тамырын сақтай отырып, жаңа технологияларды тиімді қолданудың жолын көрсетеді. Мәселен, Алтынай Тәңірберген қазақ үйді заманауи үлгіде дамытудың мәнін айтса, Иван Утюганов жасанды интеллектінің биологияға ықпалын түсіндіреді. Ал Индира Дүйсембаева ЖИ-ді табиғатты қорғауға пайдалану жайын бөліседі. Оған қоса қатысушылар ұлттық музыканың миға әсерін, әдебиетте ЖИ қолдану, авторлық құқық пен креатив ойлау туралы да тың инсайттар алады.

Фестивальде тек технология ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынас та басты тақырыптардың бірі болмақ. Мәселен, “Пифагор” мектебінің директоры, педагог Асан Жолдасов тек үздік оқушыларға емес, әр балаға назар аударудың маңызын айтып береді.

"Қоғам, педагог, ата-ана көбіне үздік оқитын, “Алтын белгі” алатын немесе олимпиада жеңімпаздарына ғана мән береді. Бірақ кейбір балалар үнемі бірінші болмайды, ал ересектер сол үшін оларды жазғырып жатады. Дегенмен әр бала өзгеше. Өмірдің өзі мектепте озат атанбаған балалардың да кейін жетістікке жетіп, мансап құра алатынын көрсетті. Фестивальде біз осыны айтамыз: әр баланың өзіне тән қабілеті мен бейімі бар, бастысы – соны байқай білу. Сонымен бірге осы тұста ата-ана мен мұғалім жиі жіберетін қателерді де талдаймыз", – дейді ол.

Асан Жолдасовтың айтуынша, PRO.NRG FEST 2025 ата-аналар үшін түрлі идея алып, оны өз баласына бейімдеудің алаңы.

"Мысалы, бір ата-ана құрбысының баласы үздік болған соң, одан кеңес сұрайды. Кейін сол әдісті өз баласына да айнытпай қолданады. Бірақ ол тәсіл бір балаға пайдалы болғанымен, екіншісіне әсер етпеуі мүмкін. Өйткені әр баланың табиғаты бөлек. Осындай фестивальде ата-анаға түрлі идея ұсынылады, ол оны өз жағдайына бейімдей алады. Сондықтан мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылуы керек", – дейді педагог.

Асан Жолдасов. Фото жеке архивінен

PRO.NRG FEST 2025 қандай іс-шара?

PRO.NRG FEST 2025 – білім мен өнерді, дәстүр мен инновацияны тоғыстыратын орта. Мұнда әркім жаңа идея тауып, оны кәсібіне, отбасына немесе өміріне бейімдей алады. Биыл фестиваль Астанада төртінші рет өтеді, оған жыл сайын 6000-нан астам адам жиналады. Іс-шараның тақырыбы – "Тамыры тереңнің бұтағы биік". Бұл "Білім ағашы" метафорасымен түсіндіріледі: тамыр – қазақтың өткені мен дәстүрі, діңі – қазіргі білім мен өмір, ал бұтақ – жаңа технологиялар. Фестивальді Caravan of Knowledge корпоративтік қоры Chevron компаниясының серіктестігімен ұйымдастырып жатыр. Қордың директоры Дарын Сайыновтың айтуынша, PRO.NRG FEST 2025 – бұл заманауи ғылым арқылы адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүруіне жаңа көзқарас ұсынатын ерекше алаң.

"Тақырыптың биологиялық әрі философиялық мәні бар. Биологиялық тұрғыдан – өсімдіктің тамыры, ал философиялық тұрғыдан – адамның ата-тегі, тарихы. Биыл зерттеушілер мен ғалымдар ғана емес, тарихшылар, медиа мамандары да өз салаларын салыстырып, талқылайды. Фестивальді өткізуге және шығындарды жабуға демеушілік еткен Chevron компаниясына алғысымыз зор", – дейді Дарын Сайынов.

Астанада PRO.NRG FEST 2025 өтеді

Фото: PRO.NRG FEST

PRO.NRG FEST 2025 20 қыркүйекте Астанадағы AIFC EXPO алаңында өтеді. Бағдарлама, секциялар мен спикерлер тізімі ресми сайтта жарияланған. Фестиваль таңғы 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жалғасады, оған кез келген адам тегін қатыса алады.

"Біз фестивальді әдейі қыркүйекке қойдық. Жаңа оқу жылының басында мұғалімдеріміз түрлі кейсті талқылап, жаңа қуат алса дейміз. Бірақ бұл шара тек педагогтарға емес, кез келген адамға ашық", – дейді Caravan of Knowledge қорының директоры Дарын Сайынов.

Фестиваль қонақтарын дәрістер мен шеберлік сабақтары, AI-практикумдар, ғылыми квесттер, интерактивті digital-аймақтар және компаниялар көрмесі күтеді. Балалар мен ересектер арнайы ойындарға қатысып, сыйлықтар ұтып ала алады. Оған қоса онда Art&Science деген ерекше алаң болады: қазақстандық суретшілер ғылымды өнер тілімен түсіндіреді. Ал педагогтар үшін ірі еуропалық Science on Stage STEM-фестивалінің ұлттық кезеңі өтеді. Үздік жобалар 2026 жылы Литвада Қазақстан атынан бақ сынайды.

Астанада PRO.NRG FEST 2025 өтеді

Фото: PRO.NRG FEST

STAN.KZ
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 18:00
Талқылау