Білім беру жобаларын жаңа деңгейге шығаратын халықаралық ынтымақтастықтың бастамасы: Астанада PRO.NRG Fest-2025 фестивалі қалай өтті
Астанада төртінші рет PRO.NRG Fest 2025 ғылыми-көпшілік фестивалі өтті. Оған 6 мыңнан астам адам қатысты. Мұғалімдер, зерттеушілер, отбасылар, білім мен идея күшіне сенетіндердің барлығы жиналды. Аталған фестивальді "Caravan of Knowledge" корпоративтік қоры мен Chevron компаниясы ұйымдастырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биылғы фестивальдің басты тақырыбы – "Rooted in the Future" (Тамыры тереңнің бұтағы биік). Өзегі – "Білім ағашы" метафорасы өткеннің тамыры дәстүрді, бүгінгінің діңгегі заманауи білімді, ал болашақтың бұтақтары жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді білдіреді.
Фестиваль бағдарламасына отыздан астам баяндама, шеберлік дәрістері өткізіліп, AI практикумдар, ғылыми квестер және интерактивті digital аймақтар жасақталды. Бұл жер тарихшы, блогер-мұғалім, инженер-астронавты кездестіруге болатын қыз-қыз қайнаған кампусты еске салды. Қатысушылар тапсырмаларды орындап, ұпай жинап, оларды жүлделерге айырбастады. Сөйтіп оқу-үйрену барысын тартымды ойынға айналдырып, ерекше әсер алды деуге болады.
"Біз форум немесе конференция емес, білім беру саласындағы барлық мүдделі тараптарды – ата-аналарды, балаларды, мұғалімдерді, министрліктерді және мемлекеттік органдарды біріктіретін іс-шара ұйымдастырғымыз келді. Фестиваль оқушылар мен олардың ата-аналары келіп, өздерін не қызықтыратынын көрсете алатын, ал педагогтар инновацияларымен және амал-әдістерімен бөлісе алатын алаңға айналды. Бүгінгі бағдарламада негізінен қазақстандық сарапшылар сөйледі, яғни бізде аудиторияны қолжетімді және тартымды тілмен шабыттандыра алатын мықты мамандар қауымдастығын қалыптасқанын көрсетеді", – дейді "Caravan of Knowledge" Корпоративтік қорының негізін қалаушы Зарина Биюмбаева.
"Chevron компаниясы сонау 1870 жылдары ашылған, 150 жылдық тарихы бар компания. 180-нен астам елде жұмыс істейміз. 45 мыңнан астам қызметкері бар. Бір жарым ғасырдан соң компанияның қандай бай мұрасы бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Бұл энергетикалық компания. Біз адамның энергиясы, ерік-жігерінің, білімінің күшін дамытамыз. Егер білім болмаса, біздің компания да болмас еді. Бүгінгі фестиваль де болмас еді. Біздің компанияның басты құндылықтары – адам, серіктестік және өндіріс. Адамдар мен серіктестік туралы айтқанда, бұл біздің әлеуметтік инвестициямызда, әлеуметтік серіктестігімізде көрініс табады.
Қазақстанда отыз жылдан астам уақыт мәдени ұйымдар, қоғамдық ұйымдар, университеттермен және министрліктермен жұмыс істеп келеміз. Біз адамның өмір сүру сапасын жақсартатын, өзгертетін жобалар және бағдарламалар жасамыз. Адамның әлеуметін дамытатын бағдарламаларды іске асырамыз. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты да осы. Бұл фестиваль серіктестік аясында төрт жыл бұрын пайда болған жоба. Серіктестік деген сөзді бөліп айтқым келеді. Өйткені мұнда бізбен серіктестік орнатқан "Caravan of Knowledge" корпоративтік қоры, ARTиШОК театры, Алматы ашық әдеби мектебі, Оқу-ағарту министрлігі және тағы басқа ұйымдар бар. Олар сіз және бізбен білімімен, энергиясымен және идеясымен бөлісіп жатыр. Осы фестиваль Chevron компаниясы бүкіл әлемге айтып келе жатқан энергия және білім көзі болса дейміз", – Chevron компаниясының өкілі Лейла Айтмұқанова.
PRO.NRG Fest 2025 бағдарламасы бойынша ғылым мен білімнің бағыттарына арналған негізгі төрт секцияда дәрістер өтті.
USTAZ секциясында заманауи білім берудегі педагогтың шешуші рөліне және мұғалімдер мен ата-аналар тап болатын қиындықтарға баса назар аударылды. Онда жаңа технологиялардың, соның ішінде дрондар мен жасанды интеллектінің оқушылардың практикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілетін дамыту құралына айналғаны талқыланды.
"Қазақстандағы тұңғыш дрон қыз" атанған Зарина Құтпанованың баяндамасы ерекше назар аударды. Ол мектеп оқушылары мен мұғалімдерге дрондарды басқаруды, құрастыруды, ауыл шаруашылығынан бастап құтқару жұмыстарына дейін әртүрлі салаларда қолдануды үйретіп жүр.
"Дрон – болашақтың тілі. Олар балаларға үйреншікті құрал болуы үшін алдымен мұғалімдерге қолдануды үйрету керек. Сонда ғана жаңа білім әр оқушыға жетеді", – деп дейді Зарина Құтпанова.
PRO.NRG Fest-тегі Art&Science секциясы ғылым мен заманауи өнерді біріктіріп, білімді түсінуге жаңа жолдар ашады. Оған жазушылар, музыканттар, зергерлер, театр ұжымдары және суретшілер қатысып, ғылыми идеялар шығармашылықты қалай шабыттандыратынын және түрлі мәдени формаларда қалай көрініс табатынын көрсетті.
Дәстүр бойынша фестивальдің серіктесі AMA Foundation for Culture and Education (@amaf_cultureedu) ұйымдастырған Атыраудан келген Caspian Artist Residence көрмесі секцияның басты шарасы болды. Онда жас суретшілер мен ғалымдар бас қосты.
Фестивалдің соңында EarthLings ұжымы – Даурен Калиаскар мен Laura Rodriguez дайындаған "Терраформациядан кейінгі дала жазбалары" жобасының тұсаукесері өтті. Олардың жұмысы көркем қиял мен ғылыми рефлексия болашақ бейнелерін іздеуде қалай үйлесімді үндесетінін көрсетті.
"Терраформация жай ғана ғылыми фантастикаға арналған сценарий емес. Планетамызға және оның ресурстарына басқаша қараудың, өзіміз өмір сүріп жатқан орта үшін адамзат жауапкершілігін ұғыну тәсілі", – дейді Дәурен Қалиасқар.
"Білім берудегі ЖИ" секциясы PRO.NRG 2025 фестивалінің басты тақырыптарының бірі болды. Мұнда жасанды интеллект білім беру жүйесін қалай өзгертіп жатқанын, оның қандай мүмкіндіктер ұсынатынын және қандай қауіптер төндіретіні талқыланды. Сарапшылар технологияларды мектептерде қолданудың, сонымен қатар ЖИ-ді әдебиетте, өнерде және ғылыми зерттеулерде қолданудың практикалық мысалдарымен бөлісті.
"Білім беруде жасанды интеллект "мұғалімдерді алмастыра ма, жоқ па" деген сұрақ туындайды. Бірақ мәселе онда емес, керісінше оны қолдана білу мәдениетін білу керек. ЖИ мектептерде ойлауды алмастыру үшін емес, жақсарту үшін қалай қолданылуы керектігі көтеріліп жатыр", – дейді білім берудегі жасанды интеллект бойынша дәріс оқыған мұғалім Аида Абильякимова.
Әдебиет және шығармашылық мамандықтар бойынша Алматы ашық әдеби мектебінің мұғалімі Ксения Рогожникова баяндама жасады.
"ЖИ қазір жазу машинасы сияқты авторлар үшін жаңа құралға айналып барады. Бірақ жаңашылдыққа ұмтылыс, авторлық интонация және көркемдік жауапкершілік бәрібір адамға жүктеледі", – дейді ол.
"Ғылыми-көпшілік бағыт" секциясы күрделі жаңалықтарды қарапайым тілмен түсіндіретін ғалымдар мен зерттеушілерге арналған алаң болды. Бағдарламада – ғылымның кең аудитория үшін қолжетімді әрі тартымды бола алатынын көрсететін археология, экология және тарих бойынша лекциялар оқылды.
Осы бағыттың хедлайнері АҚШ дипломаты, ғалым, инженер-астронавт Джастин Доор болды. Оның мансабы NASA Миссияларды басқару орталығында жұмыс істеумен байланысты болды, онда ол Халықаралық ғарыш станциясындағы астронавтарға, сонымен қатар Iridium жерсеріктік желісіне қызмет көрсету жобаларына қолдау көрсетті. Әлгі аппараттар тіпті планетаның ең шалғай жерлерінде — мұхитта, Арктикада немесе тауларда байланысты қамтамасыз етеді. Джастин Доордың баяндамасы фестиваль қатысушыларына ғарыштағы дәл есептеулер мен технологиялар миссиялардың қауіпсіздігі мен сәттілігіне кепіл болатын кәдімгі жұмыс орны ретінде көруге мүмкіндік берді. Оның лекциясы ғаламды зерттеу тіпті ұсақ-түйектің өзі маңызды болатын күрделі инженерлік міндет екенін көрсетті.
Фестивальдің халықаралық мәртебесін Катманду қаласындағы (Непал) Saraswati Niketan орта мектебінің директоры, STEAM білімі саласындағы PhD зерттеушісі, оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың авторы Рабина Махаржанның дәрісі ерекше айшықтай түсті.
Рабина STEAM білімі тұжырымдамасын ұсынды, яғни ғылым, технологиялар, инженерия, өнер және математика мәдениетпен, табиғатпен және қоғамның нақты мәселелерімен байланыстырылады. Непалда биік таулы аймақтағы өмір, климаттың өзгеруі дәстүрлі фестивальдерге арқау болады. Бұл тәжірибе әсіресе Қазақстанға жақын, мұнда контекстілік білім далалық және басқа да экожүйелерге, бірегей экологиялық сын-қатерлерге және эндемиялық жануарларға сүйене алады. Оқыту үдерісіне қолөнер, ойындар тән келетін Наурыз сияқты мейрамды үйлесімді енгізуге болады, ал қалалық оқушылар үшін көлік, урбанистика және заманауи технологиялар контекст бола алады.
PRO.NRG Fest фестивалінде алғаш рет ARTиШОК театры өзінің "Энергияның сақталу заңы" спектаклін қойды. Қойылым театр ұжымының жоғары сынып оқушыларымен және мұғалімдермен жүргізген үш зерттеу зертханасының нәтижесіне негізделген. Спектакльдың негізгі идеясы – энергияның, кеңістіктің және қимыл-қозғалыстың физикалық заңдары қалай адамдар арасындағы қарым-қатынасқа айналатынын көрсету. Бұл әдеттегі қойылым емес, парталарсыз және жанды қарым-қатынас қалай қалыптасатынын зерттейтін эксперимент. Фестиваль көрермендері PRO.NRG Fest үшін арнайы жасалған батыл шығармашылық эксперименттің куәсі болды, онда өнер адам энергиясының күшін сезінудің және оған басқа көзбен қараудың тәсіліне айналғанын көрсетті.
PRO.NRG Fest аясында педагогтарға арналған ең ірі еуропалық STEM фестивалінің Science on Stage ұлттық кезеңі өтті. Байқауға 30 финалдық жоба қатысып, дәл осы жерде 2026 жылы Литвада өтетін еуропалық кезеңде Қазақстанның намысын қорғайтын үздік жеті жоба таңдалды.
"Ғылым мен технологияны дамыту – Қазақстандағы білім берудің стратегиялық басымдығы. "Science on Stage Europe" халықаралық фестивалі педагогтарды, ғалымдарды және жастарды инновациялық идеялар төңірегінде біріктірудің жарқын үлгісіне айналды. Орта білім беру комитеті болашақ ұрпақты тәрбиелейтін осындай бастамаларды қолдайды. Бүгінгі таңда мұғалімдердің алдында жасанды интеллектіні меңгеру міндеті тұр. Қазірдің өзінде 200 мың мұғалім оны қолдану бойынша дайындықтан өтті. Жаңа оқу жылынан бастап біз ЖИ-ді оқу процесіне енгізуді бастаймыз, ал мұндай шаралар мұғалімдерге жаңа тәсілдерді өз тәжірибесіне тезірек енгізуге көмектеседі", - дейді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Осылайша PRO.NRG Fest ғалымдардың, педагогтардың және отбасылардың басықн қосып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның білім беру жобаларын жаңа деңгейге шығаратын халықаралық ынтымақтастықтың бастамасына айналды.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
