Досы көз жұмған студенттің есірткі шеккенін айтты: ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты ақпарат шықты
Алматыда Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студентінің қазасына қатысты тың ақпарат жарияланды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Марқұм болған Нұрдос Айтбаев алдын ала болжам бойынша белгісіз заттан уланған. Алайда туыстары оның есірткіге әуес болғанына сенбейді. Нұрдостың досы қайғылы оқиға алдында бірге тыйым салынған затты шеккенін айтты.
Нұрдостың ата-анасы баласы үшін “Студенттер мерекесіне” ертең келмек болып отырған. Өкінішке қарай, оның денесін алып кетуге келді.
Нұрдостың жақын әпкесі Гұлнұр Ахметованың айтуынша, ол қаза болардан бірнеше сағат бұрын інісімен кездескен. Айтуынша, інісіне Арман есімді досы хабарласқан. Осыдан соңНұрдостың көңіл-күйі бірден түсіп, жатақханаға асыққан.
“Досы синтетикалық есірткіні Telegram арқылы 2700 теңгеге сатып алғанын айтты. Тастақ базарына алған. Кейін Нұрдосты шақырып, бірге шеккен. Екеуінің жағдайы нашарлай бастаған. Арман дәретханаға жүгіргенде Нұрдос төсекте жата тұрмақ болған”, – дейді әпкесі.
Тексеру кезінде Нұрдостың қанынан тыйым салынған заттың бары анықталған. Алайда туыстары оны құтқаруға болар еді деп отыр.
“2-3 сағат бойы көмек көрсетілмеген. Осы уақытта құтқаруға болар еді. Ертең тағы осындай жағдай болса, не істейді. Оқу орны жауап беру керек”, – дейді марқұмның туысы Серік Шанманов.
Жатақханада медбике жоқ. Комендант оқиғаны ести салысымен дәрігер шақырып, студенттің туыстарына хабарлаған.
“Екеуі де бірге оқиды. Бірі кәмілетке толмаған. Қазір тексеру жүріп жатыр. Ақпарат шыққан жағдайда хабарлаймыз”, – дейді оқу орнының баспасөз жетекшісі Дәурен Дүйсебаев.
Қазір полицейлер тергеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Студентті жерлеу рәсімі бүрсігүні Екібастұзда өтеді. Оқу орны қара жамылған отбасына материалдық көмек көрсетілетінін айтты.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.