Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Достарымыздың тосынсыйы еді": Үйлену тойында қонақтардың көзінше тақтай сындырып танымал болған ару сұхбат берді

Өзінің үйлену тойында тақтайды жұдырығымен ұрып сындырған қалыңдықтың видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің назарына іліккен еді. Бірі қалыңдықтың әрекетіне риза болса, енді бірі келіндік өмірге енді қадам басып жатқан бойжеткенді сынаған болатын. Танымал видеожазбаның басты кейіпкері тхэквондодан Қазақстан чемпионы Перизат Жұбанова екені белгілі болды. Stan.kz тілшісі бір күнде танымал болған спортшыны тауып, сұхбаттасқан болатын.

– Қайырлы күн, Перизат, өзіңізді сайт оқырмандарына жақынырақ таныстыруыңызды сұраймыз?

– Мен Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасымын. 13 жасымда кәсіби спортқа қадам бастым. Аудандағы ұстаздарымнан тәлім-тәрбие алдым, үздіксіз жаттықтым. Соның арқасында тхэквондодан ҚР чемпионы атандым.Ұлттық құраманың мүшесімін. Еліміздің намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрмін. Спортқа келгеніме ешқашан өкінген емеспін. Осы салада зор жетістіктерге жетіп келемін. Өмірлік серігімді де осы салада жүріп, кездестірдім. Тхэквондодағы ұстазым –  Николай Курноскин. Жаттықтырушымның үмітін ақтағым келеді.  

– Перизат, күйеуіммен спорт саласында таныстым дедіңіз. Ол азамат та спортшы ма?

– Жоқ, ол кісі спортшы емес. Осы салада медициналық қызметкер болып жұмыс жасайды. Екеуміз бір-бірімізді 2017 жылдан бері танимыз. Біршама уақыт дос ретінде араласып жүрдік. Кейін арамызда сезім пайда болды. Жалпы екеуміз екі жылға жуық уақыт кездестік, кейін отбасын құруға шешім қабылдадық.

– Той үстінде жұдырығыңызбен ұрып тақтай сындырдыңыз. Бұл салтанатты шараның сценарийіне кірген дүние ме еді, әлде тосыннан болған жағдай ма?

– Бұл достарымыздың тосынсыйы еді. Тойымызда шәкірттеріміз өнер көрсетті. Кейін бізді ортаға шақырып, тақтайды сындыруды ұсынды. Тхэквондодағы қарапайым тәсілдердің бірі, сол себепті сасқан жоқпын. Кейбір қонақтарымыздың таңғалғандарын да байқадым.

– Тойда тақтайды сындырғаныңызға қайын жұртыңыз қалай қарады? Түсініспеушілік танытқандар болды ма?

– Менің спортшы екенімді күйеуімнің туыстары жақсы біледі. Сол себепті сынаған кісілер болған жоқ. Есесіне таңқалып, ризашылық блдірген жандар көп болды.

– Бір күнде әлеуметтік желінің жұлдызына айналдыңыз. Бұл туралы не айта аласыз? 

– Иә расымен, бұл біз үшін күтпеген жайт болды. Тойымыздың видеосы әлеуметтік желілерде тез таралып, көп қаралымға ие болды. Видеоға жазылған түрлі пікірлерді де оқыдым. Ең бастысы, тақтайды жұдырықпен ұрып сындырғанда ешқандай ерсі қылық жоқ деп ойлаймын. Мен ашық-шашық киінген қалыңдық емеспін. Ішімдік ішіп, бұралаңдап билеп тұрған жоқпын. Жалпы, спортшылардың тойлары осылай қызық өтеді. Тосын жағдайлардың болуы дәстүрге айналып келе жатыр. Көпшілік бізге ақ тілектерін білдіруде. Мен де өз кезегімде көпшілікке ризашылығымды білдіремін.

– Келіндік өмір қалай басталды? Қандай қиындықтар болуда?

– Келіндік өмірге ақырындап үйреніп келе жатырмын. Әзірге айтарлықтай ешқандай қиындық болып жатқан жоқ. Үлкендерге сәлем беріп, батасын алған ұнайды. Үйдің тіршілігіне ептеп кірісіп жатырмын.

– Келін атандыңыз, болашақта ана боласыз. Спорттан кету жоспарда бар ма?

– Спортпен қоштасу жоспарымда жоқ. Қыркүйек айында ел чемпионаты басталмақ. Қазір алдағы додаға дайындалып жатыр. Жақсы көрсеткіш көрсетуді мақсат етемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Талқылау