Домофонға ай сайын ақы төлеу керек пе, әлде бас тартуға бола ма? - Маман жауап берді
Тұрғындар қауіпсіздік үшін тұрғын үйлерге қойылатын домофонның төлемі жайлы, оған қанша төлейтінін және ол қаржының қайда кетіп жатқанынан бейхабар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: domler
Алматы қаласының тұрғыны Бақытхан Жүнісбекованы4 айтуынша, ол 10 жылдан астам уақыттан бері домофонға ай сайын кешіктірмей ақысын төлеп келген. Алайда зейнеткер құрылғы істен шыққанда оны жөндеуге кеткен қаржыны неге төлеуге мәжбүрлегенін түсінбейді.
"Мен қаншама жыл болды домофонға 300-ден төлеп келемін. Қазір 350 болды. Бірақ екі ай бұрын домофоным бұзылып қалды. Сонда 8500 теңгеге домофонды өзім сатып алдым. Сонда мына ақша қайда кетті?!", - деді Алматы қаласының тұрғыны.
Пәтер иелері кооперативі бірлестігінің маманы Аркадий Рубцов бұл мәселе тек үй иелері бірлесіп шешетін шаруа дейді. Айтуынша, егер тұрғындардың кем дегенде 51 пайызы қызмет көрсететін компанияға көңілдері толмаса оны ауыстыруға немесе мүлдем алып тастауға құқылы. Бірақ ешкімге ескертпестен ай сайын келетін түбіртектегі домофонның ақысын төлемей қоюға болмайды. Онда қарыз көлемі артып кетуі мүмкін.
"Бізде тұрғындардың өз құқығын білмеуінен домофон қоятын компаниялар оларды алдап, өз айла тәсілін пайдаға асырып отыр. Пәтер иелері ай сайын ақы төлемей, тек сол домофон істен шықса ғана бір реттік ақысын төлеу туралы келісімшарт жасай алады. Көптеген үйлер дәл сол әдіске ауысып та жатыр", - деді маман.
Зәулім үйлерге домофон орнатып, қызмет көрсететін компания өкілдері де ірі қалаларда адамдардың ай сайынғы тарифтен бас тартып, бір реттік төлемге өтіп жатқандарын жасырмайды. Бірақ, құрылғы жиі істен шығатын болса бұл әдіс тиімсіз дейді. Себебі, бұзылған домофонды жөндету үшін кететін шығынды айтпағанда әр үй иесінен жеке-жеке ақша жинау да оңай шаруа емес.
"Әрине адамдар жаппай домофоннан бас тартса біз үшін ол шығын. Бірақ бір нәрсені түсіну керек. Домофон деген үйде тұрған тоңазытқыш немесе желдеткіш емес. Оны өте көп адам пайдаланады. Істен шықса жөндетуге тура келеді. Ол кезде маманға бөлек ақша төлеу керек. Ол ай сайын төлейтін 300-400 теңгеден әлдеқайда қымбатқа шығады", - деді компания директоры Ернар Муслимов.
Компания директоры тұрғындар ай сайын төлейтін 300-400 теңгеге үйдің кіреберісінде тұратын ортақ мүлікті қалыпқа келтіру үшін жұмсалады дейді. Ал егер үй ішіндегі құрылғыдан ақау шықса оған қосымша ақы алатындарын жасырмайды. Ал ақша жинауда алдына жан салмайтын компаниялардың өз міндетін орындауға келгенде айлакерлікке салатынын заңгерлер де ашық айтып отыр.
"Әрқашанда шартты қарау керек. Шартта бәрі жазылып тұрады. Ай сайын абоненттің төлем төленгендіктен мынандай сомаға дейін, қандай да бір ақау болатын болса оны компания өзі жөндейді деген. Алдымен шарт орындалады, шарттан кейін төраға болмаса тұтынушылар одағы содан кейін мәселе шешіледі", - деді заңгер Айыпхан Мұхамедиев.
Яғни, домофонға ай сайынғы ақыны төлеу-төлемеу әркімнің өз еркі. Тек қызмет көрсететін компаниямен арадағы шартты дұрыс жасаған жөн. Сонда ғана пәтер иесі өзіне тиімді тарифті таңдап немесе одан бас тарта алады.