Діни секта болуы мүмкін: Алматыдағы қайырымдылық мекемесінде қызметкерлер балаларды ұрып-соққан
Алматыда кәмелетке толмаған балаларды ұрып-соқты деген күдікке іліккен "Райымбек батыр" қайырымдылық мекемесіне қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеранасына сілтеме жасап.
Полицияға арыз сонда тұратын оқушыдан түскен. Қайырымдылық қорының оқушысы инспекторға жазған хабарламасында "дәретхана жуғызады", "жұдырық жұмсайды" деп шағымданған. Іле-шала құзырлы орган жетіп, мекеме қызметкерлері қарсылық танытса да, 43 оқушыны босатты.
Қазір оқушылар Балаларды қолдау орталығында. Ата-анасы жетіп үлгермеген балалар уақытша осы мемлекеттік мекемеде болады. Көбі үркіп қалған. Одан да сорақысы, жектіншектердің санасы уланғаны әңгіме ауанынан байқалады. Медресе деп ешкімге тіс жармай жасырып келгенін мойындады.
Бұл ұйым "сүлейменшіл" бағытты насихаттайтын секта болуы да мүмкін. Қыста ол жақтан діни оқулықтар тәркіленсе, енді жастарды ұрып-соғады деген ақпарат ресми расталды. Осы сияқты қайырымдылық қорының атын жамылған медреседен жапа шеккен оқушылар шетінен өз шындығын айтып жатыр. Бұл пансионаттың барлығы "Жібек жолы" қауымдастығына қарайды. Мүфтият та аталмыш мекемемен байланысын тоқтатыпты.
Ұйымды зерттеген теологтардың айтуынша, жасырын істейтін оғаш әрекеттері көп.
“Ол кісілер осы уақытқа дейін өз мекемелерінде, панисонатында жұма намазын өткізіп, атқарып келді. Оның өзі шариғат талабына сай емес. Бір Қазақстанда, бір елде, бір қалада өмір сүрсе де, мешіттің намаз уақытынан олардың намаз уақыттары ерекшеленеді. Тіпті, мен сіздерге айтайын, жаздың бір уақыттарында, 10-15 күн арасында, олардың біздің түнгі құптан намазы бар емес пе, сол құптан намазының уақыты кірмейді деп, тек төрт уақыт намаз оқиды”, – деді теолог Руслан Қайыргелді.
Полиция департаменті қазір "Жібек жолына" қарасты қайырымдылық мекемесіне қамқорлығындағы балаға зиян келтіріп, қамқоршы құқығын теріс пайдалану бабымен қылмыстық істі тергеуді бастап кетті.
“Екі жарым сағаттай ішке кіре алмады. Өйткені сол пансионаттың адамдары қоқан-лоқы көрсетіп, ішке кіргізбей, заңды талаптарға бағынбады. Десек те заң нормаларына сай, олар жауапкершілікке тартылып, іс тергелуде. Бұл балаларға қысым көрсетілген және ұрып-соғу деректері де бар болуы мүмкін. Алдын ала мәліметіміз бойынша, бұл пансионат биыл қыста қаланың басқа төңірегінде анықталған пансионаттың бір филиалы болуы мүмкін”, –деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.