Діни көшбасшылар әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ете алады - Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың The Jerusalem Post ағылшын тілді израильдік БАҚ-қа діни көшбасшылар әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ете алады деген мақаласын жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру үшін жаңа жаһандық қозғалыс қажет екенін және бұл қозғалыста діни көшбасшылар таптырмас рөл атқара алатынын атап өтті.
"Дипломатия, әрине, – кооперацияны қамтамасыз етудің кілті. Қазақстан әрқашан БҰҰ жарғысына сәйкес келіссөздер үстелінде келіспеушіліктерді шешуді қолдайды. Еліміз бүкіл әлем бойынша бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты прогреске қол жеткізуге бағытталған қағидаттарды ұстанады", – делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында.
Президент дүние жүзіндегі адамдардың шамамен 85%-ы өздерін діндар деп санайтынын, сондықтан діни көшбасшылардың халықаралық істерде үлкен ықпалы бар екенін атап өтті.
Қазақстан басшысы Еуропаның бірқатар елдерінде Құранды өртеген акцияларды айыптап, діни қағидалар гуманизмді үндейтінін айтты. Президенттің пайымдауынша, технологиялық революциядн туындайтын мәселелерді де діннің көмегімен шешу әбден мүмкін.
Тоқаевтың айтуынша, діни лидерлер Сириядағы сияқты қақтығыстардан туындаған "өшпенділік жараларын емдеуге" ықпал ете алады.
"Қазақстан 2017 жылдан бастап Сирия үкіметі, Сирия оппозициясы, сондай-ақ Түркия, Иран және Ресей өкілдері арасындағы келісімдерге қол жеткізу үшін Астанада бейбіт келіссөздер процесін жасап, оң ықпал етті", – деді ел басшысы.