Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Діни басқарма жастар адаспау үшін жат ағымдардың сипатын айтып берді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тәкфир және хижрет жамағаты туралы мәлімдеме жасап, жастарды жат ағымның жалған уағыздарына ермеуге, сайттардағы адастырушы ақпараттардан өздерін аулақ ұстауға шақырды.

23494_1482898923

Соңғы кездері көптеген мұсылмандар жүректеріне күмән салатын адамдармен жиі кездесуде. Олар – «тәкфиршілер» деп аталатын жамағат өкілдері. Аталған жамағат өкілдері өздерінің жалған сенімдері арқылы көптеген мұсылмандарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайылық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, өздерінен басқа мұсылмандарды адасқан деп айыптауда.

Бұл – жастар мен діни сауаты төмен жандарды қызықтыратын әрі өзге де бүліктер секілді өткенді ұмыт қалдырып, жарқын болашақты уәде ететін әдеттегі бүлік.

Тәкфир және хижрет жамағаты өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайды. Сондықтан, жамағаттың аты да өзіне сай такфир, яғни, жамағаттан басқаларды кәпір дейтіндер және хижрет, яғни, басқалармен араласпайтындар деп аталады.

Жамағаттың негізгі құрамы – тәкфир, яғни, кәпірге шығару, кәпір деп санау ұғымы. Олардың ұстанымы бойынша, үлкен күнәларды істеген, күнәға батқан адамдар – кәпір, оның тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт та – кәпір. Бұларды кәпір демейтін дін ғалымдары да – кәпір.

Тәкфир жамағатының пікірін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағатқа қосылмаған және сол жамағаттың имамдарына ермеген әрбір адам – кәпір. Ал, кімде-кім жамағатқа кіріп, содан соң шықса, ол адам діннен қайтқан сатқын есептеледі. Оны өлтіруге де болады. Қайбір ислам жамағаты тәкфир жамағатының дағуатын қолдамаса, ол жамағаттың басшысы діннен қайтқан кәпір саналады.

Тәкфир жамағаты принциптерінің екінші негізгі құрамы – хижрет. Хижреттің сөздік мағынасы: тәрк ету, көшу, қоныс аудару, үзілу. Олардың қолдануы бойынша, хижрет – надан елден, қоғамнан өзін алып қашу, олармен әрқандай қарым-қатынасты үзу, өзінен басқа барша адамдарды надан, жәһил деп білу. Бұл жерде мекен үзілісі мен ой-сана үзілісі назарға алынған. Қоғам мен мекен Расулулла (ﷺ) мен сахабалардың кезіндегідей болуы керек деп есептейді.

Олар: «Жұма намазы мен жамағат намаздары қасиетті төрт мешіттен басқа мешіттерде оқылмайды. Дүниедегі төрт мешіттен (Мекке мен Мединедегі мешіттер, Құба мен Ақса мешіттері) басқа барша мешіттер зиянды саналады. Сол мешіттерде намазды өткізетін имам тәкфир жамағатынан болса ғана намазхандардың намаздары дұрыс болады», – дейді.

Адамды күпірлікте айыптау ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Алла Тағала қасиетті Құранда «Қалам» сүресінің 35, 36-аяттарында былай деген:

«Бойұсынушыларды күнәһарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?».

Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:

«Кімде кім мұсылман адамды күпірлікте айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең» (Әт-Табарани, «Сахиху әл-Жәмиғ», 6269).

Тәкфир жамағаты діннің ақиқатын білмейді, дәлел-құжаттарды түсінуге зер салмайды, харам үкімдерінде нормадан шығады, діни көзқарастары тұрақсыз, тарихты, саясатты, өмір мен қоғамды және әһл сунна уал жамағат бағдарламасын түсінгісі келмейді.

Тәкфир мұсылмандардың арасына іріткі салып, олардың бірлік-ынтымағын кетіреді, үлкен дау-жанжал шығарады, мемлекеттің саяси-экономикалық бағдарламасының нығаюына бөгет салады, әрқандай террорлық әрекетке дайын тұрады, халықтың дінге деген ықыласын сөндіреді т.б. зияндарды келтіреді.

Ендеше, тәкфир және хижрет жамағатының құрылымы әһлі-сүнна ұстанымына қарама-қайшы әрі Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешіміне сәйкес, бұл ұйымға тыйым салынды.

Сондықтан ханафи мәзһабын негіз етіп ұстанған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бауырларымызды, әсіресе жастарымызды бұл ағым мүшелерінің жалған уағыздарына ермеуге шақырады. Интернеттегі тәкфирлік сайттардың адастырушы ақпараттарынан өздерін аулақ ұстауды ескертеді.


Шариғатта шарапты шипа үшін ішуге бола ма

Таудай қарызыңыз болса да құтылуға көмектесетін дұғалар

Шариғатта бала кезінде атастырылып қойған екі жастың үйленуі міндетті ме

Талқылау