Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біздің елде жасы үлкендер өздері үшін өмір сүрмейді": Динара Болат қазақ халқына жетпейтін әдеттер туралы

Жиһангез-блогер атанған Динара Болат қазаққа ескі көзқарастан арылу керек деп санайды. Саяхатшыға көп оқырман өздерінің мәселелері жайлы жиі хат жазатын көрінеді. Көптеген елді аралап, саяхаттап жүрген ол қазаққа саяхаттау, ел-жер көріп, танымын кеңейту керек деген кеңес айтады. Stan.kz тілшісі Динараның өзімен тілдесіп, саяхат, қоғам, отбасы туралы пікірін сұрап білді. 

- Саяхаттауды бастағаныңызға қанша жыл болды және қанша елде болып үлгердіңіз?

- Саяхаттап жүргеніме бес жыл болып қалды. Шамамен 25 елден кейін санауды қойдым. Отыз елден асқан шығар деп ойлаймын. Кейбір мемлекеттерге қайта баратын кезім болады. Бұрын санға жұмыс істеп, барған елдерді көбейтуді ойлайтынмын. Қазір сол елден алған әсерді, сезімді ойлайтын болдым. Сондықтан елдерді санауды қойдым. Жер шарын аралау арманым емес, бірақ денсаулығым жеткенше саяхаттаймын.

- Саяхат кезінде қандай қиындықтарға жиі тап боласыз?

- Саяхат жолында кездесетін шытырман оқиғаларға қиындық деп қарауға болмайды. Себебі оның ар жағында үлкен сабақ пен өмірлік тәжірибе жатады. Қиындықтар елден шықпай тұрып болады. 

Қазақстаннан көптеген елдерге ұшақ ұшпайды. Көрші елдер арқылы ұшатын болған соң, жол өте ауыр тиеді. Мысалы, Америкаға ұшу үшін Ресейге, сосын Стамбұлға немесе Амстердамға, содан кейін барып 11-12 сағат жолды артқа тастап Нью-Йоркке жетесің. 

Айта кетерлік тағы бір қиындық - виза. Мәселен, бізде Марокко сияқты елдерге виза жасайтын консулдық жоқ. Тағы да Ресей арқылы шаруаңды тындырасың.

Жақында ғана Африкаға жолымыз түсті. Ыстығы ми қайнататын құрлыққа бармас бұрын арнайы екпе салдырту керек екен. Өкінішке орай, елімізде ол екпе жоқ. Ресейге вакцина үшін баруға тура келетін еді. Вакцина қажет болмады 

Жоғарыда аталған қиындықтар елден шықпай тұрып болады. Ал саяхаттағандағы қиындықтарды қиындық деп қабылдамаймын. 

динара

- Сіз ұнатқан және көңіліңіз толмаған ТОП-5 елді атаңызшы?

- Мен ұнатқан ТОП-5 ел: Сингапур, Жапония, АҚШ, Индонезия және Үндістан. Ұнатпаған дейтін ел жоқ. Маған әр саяхатым ұнайды. Мейлі ол кедей ел болсын, лас ел болсын. Себебі бір жерінде өркениет болмаса, бір жерінде тарих бар. Сондықтан әр елдің беретін әсері ерекше.

- "Көп саяхаттаса, демек ақшасы көп" деген стереотип бар.  Саяхаттауға қанша қаражатыңыз кетеді?

- Көп саяхаттаса, көп ақша керек деген пікірмен келіспеймін. Мен саяхатқа жарататын ақшаны көп қазақ басқа бір дүниелерге, басқа құндылықтарға оңай жұмсап жатыр. Мысалы, 100 мың теңгеге көйлек немесе Өзбекстанға саяхат. Сол секілді қымбат киім, қажетсіз шығын немесе саяхат. Осы уақытқа дейін саяхаттауға ең көп кеткен қаражат 1 млн 850 мың теңгені құрайды. Ол - Африка құрлығы Кения еліне жасаған саяхатым. Оның алдында Жапонияға 1 млн 300 мың теңге жаратқан едім. 

- Біздің ерлер әйелін шет елге жібермек тұрмақ, төркінге кетсе іздеп қалады. Отағасы көп саяхаттағаныңызға ренжімей ме?

- Бұл тұрғысынан бізде проблема жоқ. Отағасы саяхатқа оң қарайды. Менің саяхаттағаныма қуанады. Жылына кем дегенде 2-3 рет отбасымызбен өзге елдің мәдениетімен танысқанды жөн санаймыз. Балаларға шет елді көрсетеміз. Үйде шәй үстінде еске түсіріп, күліп алатын тақырып осы - саяхат. 

Қазақстанда ер адамдар әйелін шетке шығарғысы келмейтіні рас. Олардың түсінігінде саяхаттау, ел-жер көру деген жоқ. Сол үшін әйелі мен баласы біртүрлі қалыс өмір сүріп жатқандай болып көрінеді. Шетел көрмеген баладан ештеңе шықпайды деп айтуға болмайды. Бірақ шетел көрген баланың, көп саяхаттаған әйелдің танымы, әңгімесі, көзқарасы мүлде бөлек болады. Саяхат деген адамның әлемге, өмірге, адамға деген көзқарасын қоғамның түр-түрін көру арқылы өзгерту. Саяхат көп нәрсеге жол ашады. Психологиялық тұрғыдан біздің қоғамға саяхат аса қажет. 

динара- Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра деген бар. Шетел көрген қазақсыз. Өзге елдермен салыстырмалы түрде бізге не жетіспейді? Қазаққа нені өзгерту керек?

- Саяхатшы ретінде көргендерімнен түйгенім: қазақта еңбекқорлық қасиеті жоқ. Сондай ақ, үлкен кісілер өзі үшін өмір сүре алмайды. Ата-анасы баласының жолына, көңіліне қарап қалған. Баласы өскесін "маған қашан келіп кетеді екен, не сыйлайды, еңбегімді қалай қайтарады екен" деп отырады. 

Шет елде олай емес. Он сегізге толғанға дейін барлық жақсылығын беріп, кейін өз еркіне жібереді. Кейін өздері үшін өмір сүріп, ешкімнен ештеңе күтпейді. Бұл үлкен жастағы буынның мәселесі.

Біздің қоғамдағы жастар өте ұяң. Біртүрлі енжар өмір сүреді. Ал шетелдегі жастар - батыл, мамандық таңдағанда - еркін. Аспазшы болып жүргеніне немесе бір жерде  швейцар (мекеме, ғимарат немесе үй алдындағы қонақты күтіп алушы - ред, түсініктемесі) болып қызмет істеп жатқанына арланбайды. Шет елдегі жастардың бәрі қандай іс болсын, жұмыстан ләззат алады. Мына жұмыс көп пайда алып келеді, мынау маған көп мәртебе сыйлайды деп қызметті таңдамайды. 

- Психологсыз. Сізге оқырмандарыңыз қандай мәселемен көп хабарласады?  

- Келіндер енемен сыйыспайтынын, кейбірі жұбайымен түсініспейтінін айтады. Жас оқырмандарым ата-анамен түсініспеушілік, үйден кетіп қалу сынды мәселемен хабарласады. Кейбірі "анамды құшақтай алмаймын, әкеммен тіл табыса алмаймын" деген хаттарын жолдап жатады. Өкініштісі, біздің қоғамның деңгейі отбасы, ошақ қасынан әрі аса алмай отыр. Меніңше, ескі түсініктен арылып, рухани құндылықтар насихатталмайынша, сол деңгейде қалып қоямыз. Сондықтан әр адам өзін жақсы көріп, өзі үшін өмір сүруі керек.

динара

- Қазақ әйелінің басты проблемасы не? 

Қазақ әйелінің басты проблемасы - шарттылықтармен өмір сүру. Жақсы перзент, жақсы ана, жақсы келін, жақсы әйел деген түсінікке сай боламын деп шаршау. Ең негізгі проблема - өзін жақсы көрмеу, сыйламау.

- Бізде қыздарды кішкентайынан сен болашақ жарсың, келінсің деп, өзін құрбан етуге тәрбиелейді. Бұл қаншалықты орынды?

- Сол тәрбие орынсыз. Себебі қыздар ылғи өзінің ішкі қалауынсыз өмір сүріп, бала кездегі арман-мақсаттарын ұмытып кетеді. Орта жасқа келіп артына қараған кезде өмірде жеткен жетістігі жоқ, қалағанына қол жеткізбеген, қартайған әйелді көреді. Өзін құрбан санап, өкінеді. Мұндай жағдайдың жиі кездесуі бала кездегі тәрбиенің дұрыс болмауынан. Адам бірінші орынға өзін емес, баланы, күйеуді, көршіні, туысты ойлау тәрбиесінен шыққан қиындықтар. 

- Екі жас шаңырақ көтерген соң әке-шешемен бірге тұру деген дәстүр бар. Психологиялық тұрғыдан дұрыс па бұл? 

- Екі жас шаңырақ көтергеннен кейін кіммен тұрса да өздері біледі. Ең бастысы - сыйысу. Ене тарапынан да, келін тарапынан да бір-бірінің кеңістігін, тәжірибесін немесе тәжірибесіздігін сыйлауы керек. Ененің өмір көргенін, күйеуінің өсіп-өнгеніне еңбегі сіңгенін келін сыйлауы керек. Ал ене келіннің алғаш тәжірбиесі екенін түсініп, қолдағаны жөн. Әр отбасынның өз ережесі бар, сондықтан өздері шешеді.  

- Әйел еркектен төмен бе?

- Әйел еркектен төмен де емес, биік те емес. Әйел болып, ер болып жаралған соң екеуінің қоғамдағы дәрежелері бар. Бірақ әйел адамның ер адамнан, ер адамның әйел болмысынан артықшылықтары мен кемшіліктері бар. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау