Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дін атын жамылған уағыздар жүргізуі мүмкін": Мәжіліс депутаты эндаумент-қорларға қатысты күдігін жеткізді

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын таныстырған ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл заң жобасы кез келген әлеуметтік маңызы бар салада – білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт, мәдениет салаларында эндаумент қорларын құруға, әлеуметтік саладағы мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты кезең-кезеңмен азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: parlam.kz

“Эндаумент немесе нысаналы енші – бұл сенімгерлік басқару негізінде эндаумент қорына сақтауға берілген ақша немесе мүлік түріндегі активтер. Кәдімгі қайырымдылықтан айырмашылығы – жарналар бірден жұмсалмайды, бірақ инвестицияланылады. Инвестициялардан алынған кірістер қайырымдылыққа бағытталады, яғни жарнаның негізгі денесі (principal деп аталатын) сақталып, ал нысаналы капиталдан түсетін инвестициялық кіріс қана эндаумент қорының мақсаттарына пайдаланылады. Тағы бір ерекшелік – берілген салымдарға меншік құқығы салушыда қалады. Бұл инвестордың мақсатты пайдалануын бақылаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етеді”, – деді ол.

Осы орайда депутат Еділ Жаңбыршин нысаналы капитал қорлары салымшылары дәстүрімізге сай келмейтін теріс идеология жүргізуі мүмкін бе деген күдігін жеткізді.

"Эндаумент-қорлар құрылады, ертең үлкен ақшалар жиналады. Бұл қордың иелері сол мектептердің ішінде дін атын жамылған уағыздар жүргізу, басқа біздің дәстүрімізге нұқсан келтіретін кейбір идеологиялық мәселелерді іске асыруы мүмкін. Солардың ішінде мемлекеттік стандарттармен жұмыс жасаймыз дейді де, басқа бір істермен айналысып кетуі мүмкін. Осыны қалай қадағалаймыз, қалай бақылаймыз? Егер сондай шаралар жүріп жатса, бұл қордың жұмысын тоқтататын нормалар бар ма? Ертең олар толық тәуелсіз болып, мемлекеттің айтқанын тыңдамай, өздерінің іс-әрекеттерімен айналысып кетпей ме? Заңда осы мәселе қарастырылған ба?", - деп сұрады Жаңбыршин.

Депутат сауалына жауап берген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек діни сала толыққанды бұл заң жобасы аясынан шығарылғанын, салымшылардың қорға тікелей қатысы жоқ екенін алға тартты.

"Біріншіден, діни сала толыққанды бұл заң жобасы аясынан шығарылған. Екіншіден, эндаумент-қорлардың жалпы халықаралық тәжірбиеде де, біздің заң жобасының аясында да салымшылар мен олардың берген ақшалары қайырымдылық ретінде есептеледі. Олар толыққанды береді де, меңгеруге, сол білім ұйымының немесе спорт ұйымының қимыл-әрекеттеріне құрылтайшы ретінде ешқандай құқығы жоқ. Ол құрылтайшы да емес, тікелей қатысы жоқ. Салымшы тек қана сол ұйымды қолдау үшін активтер береді. Нақты заңда қарастырылған – ешқандай тікелей қатысы жоқ. Бейресми немесе басқа да ықпалы болуы мүмкін. Бірақ заңды түрде шектеу қойылған”, – дейді министр. 

Сондай-ақ министр жыл сайын ішкі, сырты аудиттер жүргізілетінін атап өтті.

Эндаумент – табыс алуға және қайырымдылық мақсаттар немесе объектіні (университет, мектеп, аурухана және т.б.) қаржыландыруға арналған қор. Келтірілген дерек бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 22 эндаумент қоры бар, оның 15-і білім беру секторында, орташа капиталдандыруы 1 миллиард теңгеден төмен.

Айта кетсек, 16 сәуірде мәжіліс "Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы" және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді. 

Талқылау