“Димаштың әніне жылап тұрып қосылдым”: Мега жұлдызбен ән айтқан тігінші қыз ел ықыласына бөленді
Димаштың “Ұмытылмас күн” әнін қосыла шырқаған бойжеткен желі жұлдызына айналды. Тігінші қыздың нәзік дауысына бір сәтте 100 мыңға жуық лайк басылды, 2000-нан аса адам пікір жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Димаш Құдайберген “Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы” салтанатты шарасында өнер көрсетті. Димаштың жағалауда тұрып орындаған әндерін халықтың өзі-ақ әлеуметтік желіде таратып, ерекше алғыс жаудырды. Соның бірі – Айсәуле есімді тігінші қыздың әншімен қосылып орындаған әні.
Димашпен “Ұмытылмас күн” әнін қосыла орындаған қызға көпшілік “даусыңыз керемет”, “әдемі орындау”, “Димаш көп арасынан сіздің дауысыңызды іздеп жүр”, “даусыңызды естіп келді, табу қиындау”, “дауысты іздеп жүр ғой” деп жарыса жазды.
Stan.kz ақпарат агенттігі мега жұлдыздың әніне қосылған желі қолданушысын тауып, әңгімелесті.
Ерекше дауыс иесі – 26 жастағы Айсәуле Жаңабай. Бойжеткен Атырау қаласының тумасы. Айтуынша, ата-анасы, бауырлары Атырауда. Өзі апа-жездесінің қолында Ақтауда тұрады. Үш жылдан бері Ақтаудағы сән үйінде тігінші болып істейді.
“Жүрекпен орындағаным рас”
“Мен бұл видеоны өзімнің дауысым естілсін деп түсірмедім. Димаштың видеосын түсірдім. Ән айтқан сәттерін түсіруге тырыстым. Видеода сахнаға жақын тұрған сияқтымын. Бірақ 5х-пен түсірілген видео. Адамдардың басы мен қолын алмай, Димашты ғана түсіргім келді. Қолымды барынша биікке созып түсірдім. Өзімнің дауысым да жазылып қалады деп ойлаған жоқпын. Шамасы қаттырақ айтқан болып тұрмын. Ол жерде өзіме мән бермедім. Мен жылап тұрып қосылдым. Жыламау мүмкін емес. Жүрекпен орындағаным рас. Ұнады. TikTok желісіне салдым. Димашпен орындағанымды салғаннан кейін адамдардың көп қолдауын алдым. Өзім таңғалып отырмын. Жазып жатқан адамдардың шегі жоқ. Бәрі бірге қосылып ән айтуды тілеп жатыр. Әрине ол – арман”, – деді Айсәуле Жаңабай.
Айтуынша, ол алдыңғы жақта тұру үшін концертке 4 сағат бұрын ерте барған. Сахна алдында екі қатар қоршау болғандықтан жақындай алмаған. Бұрын-соңды Димаштың концертіне барып көрмеген. Әнші Ақтауға келеді дегеннен қатты қуанғанын айтты.
“Әлеуметтік желідегі халықтың қолдауы өте таңғалдырды”
“Димаш шетелде, елдегі концерттерінде осы “Ұмытылмас күн” әнін орындағанда халыққа жақындайды. Сахнадан түсіп, қосылып айтып жатқан көрермендердің қасына келеді. Мен түсірген видеода оның еңкейгені көрінеді. Алыс болды. Қосылып айтқанымды естімеген болуы да мүмкін.
Ән айту – бала күнгі арманым. Ән жүрегіме жақын. Бірақ тігіншілікті де жақсы көремін, осы салада жұмыс істеймін. Музыкалық білімім жоқ, кәсіби әнші емеспін. Бірақ әлеуметтік желідегі халықтың қолдауы өте таңғалдырды”, – деді Айсәуле.
Тігінші қыз Димашпен қосылып ән айтқан видеосын бірінші TikTok желісіне салған. Кейін көпшілік Instagram желісі арқылы Reels жасауды сұраған. Кейін танымал пабликтер таратып бөлісіп, көпшілік жарыса пікір жазып жатыр.
“Халықтың бәрі Димаш үшін келді”
“Мен әншілердің концертіне жиі барамын. Мынадай концертті көрген жоқпын. Деңгей бөлек. Халықтың бәрі әніне қосылып тұрды. Оның бұл әнін жыламай тыңдау мүмкін емес. Кешегі Ақтаудағы концертке көптеген өнер адамдары қатысты. Бірақ халықтың бәрі Димаш үшін келді. Бәрі ең соңғы шыққан Димашты күтті. Димаш бір сағаттан аса ән айтып, ұмытылмастай ерекше күн сыйлады. Мега жұлдыздың жеке концертіне барғандай әсер алдық. Алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Халықтың аузында тек Димаш жүр. Келгенге дейін “келер ме екен” деген үмітпен күтсек, енді Димаш сыйлаған қуаныш деп халық әлі күнге тек сол концертті айтып жатыр”, – деді Айсәуле Жаңабай.
@aissayle бұған да шүкір🤭🤍 @Dimash Qudaibergen #dimashkudaibergen #fyp ♬ оригинальный звук - aissayle