Димаштың әкесі Қанат Айтбаев жұбайын ата-анасымен қалай таныстырғанын айтып берді
Белгілі әнші Қанат Айтбаев Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында балаларының анасы, өнердегі жұбы Света Айтбаеваны ата-анасымен қалай таныстырғаны жайлы айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
©instagram.com/kudaibergenov.dimash
“Бағдарлама жүргізушісінің: “Махаббатта жолы болған адамсыз ба?” деген сауалына Қанат Айтбаев: “Иә, әрине. Құдайға шүкір, екеуіміз жастай бір-бірімізді көрдік, білдік, үйлендік. Мен 1993 жылы үйлендім, Света 20 жаста болатын. Оның алдында қанша жыл дос боп жүрдік. Мен үйленер кезде қазіргі жастар сияқты әке-шешеме “Мен мына қызды ұнаттым, осы қызды алайын деп едім” деп айта алмадым, ондай мінез жоқ. Светаны ата-анама таныстыру үшін туған қалам Ембі қаласында концерт ұйымдастырдым. Біздің “Жібек жолы” дейтін эстрадалық тобымыз болатын. Сол топта Света екеуіміз ән айтатын болдық. Екеуімізді бүкіл жұрт көрді. Бірақ біздің қандай қарым-қатынаста екенімізді ешкім білмейді. Бірақ сол көргеннен ата-анама болашақ келіндері ұнаған көрінеді. Бірден өздері білек сыбана кірісіп, біздің үйленуімізге сеп болды. Біздің ата-анамыз әлі күнге дейін сыйласып тұрады. Света менің әке-шешемді, олар менің жұбайымды жақсы көреді. Біздің үйленгенімізге биыл тамыз айында 30 дыл болады. ”, – деп жауап берді.
Қанат Айтбаев әр адамның махаббатта жолы болғанын қалайтынын айтты.
“Үйлеу – оңай, үй болу – қиын. Адам бір-біріне бейімделеді, екеуі мінезінің әр түрлі тұстарын бір-біріне сіңіреді. Сол арқылы қалыптасады. Ғашық болу бар, құмарту бар, бір-біріне іңкәр болу бар. Ал үйлену – үлкен еңбек, дипломатия”, – дейді Димаштің әкесі.