"Димаш себепкер болды": Домбыраның құлағында ойнаған Чили азаматы көпшілікті таңғалдырды
Андреа Луенго есімді Чили азаматы домбыра тартып, желі қолданушыларын тәнті етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Өнер иесінің сөзінше, халық әртісі Димаш Құдайберген ұлттық аспапты үйренуге себепкер болған.
Айта кетейік, 30 жастағы Андреа – Сантьяго қаласының тұрғыны. Ауруханада мейірбике болып жұмыс істейді. Музыкаға жаны жақын Андреа гитара, укулели, фортепианода ойнайды. Ал домбыраны өз бетінше үйренген. Қос ішекті аспапқа Димаш Құдайбергеннің өнерін көргеннен кейін қызыққанын айтады.
"Алғашында домбыраны бір видеодан көріп, баса мән бермедім. Кейін Димаштың өнерін көріп тәнті болдым. Үш жыл бойы оның шығармашылығын тамашалап, ақыры екі ай күтіп, Чилиге домбыраны тапсырыспен алдырттым", –дейді әуесқой домбырашы.
-
"Қолындағысын шешіп берді": Димаш Құдайбергеннің әжесі Мақпал Жүнісоваға бағалы сыйлық жасады
-
Димаш Құдайбергеннің әні iTunes және Amazon платформаларында топ жарды
Сондай-ақ, Андреа Димаштың концертін көру үшін Қазақстанға арнайы келіп, достарымен бірге елді аралаған. Әсіресе, Алматыны өзінің туған қаласы Сантьягоға ұқсатқан. Себебі екі қаланы да таулар қоршап жатыр. Одан кейін Андреа Чилидегі жергілікті халықтар мен қазақтардың мәдениеті де ұқсас екенін атап өтті.
“Олар да киіз үй сияқты баспаналарды пайдаланады. Қазақ әшкейін тағып көшеге шықсам ешкім таңғалмайды. Себебі зергерлік бұйымдары да ұқсас. Ендігі арманым – Димашпен кездесу және қазақ тілін меңгеру", – деді шетелдік азамат.
Еске салайық, Димаш Құдайберген қатерлі ісікке шалдыққан жанкүйерінің соңғы арманын орындаған еді.