Ділназ Ахмадиева кинодағы 3,5 секундтық рөлі үшін 700 доллар қаламақы алған
Ділназ Ахмадиева отандық жаңа комедияға түсті. Өнер иесі “Достучаться до мучжин” кинофильмінде басты рөлдердің бірін сомдапты. “Түнгі студия” бағдарламасына сұхбат берген Ділназ біртүрлі, қияли кейіпкері жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Фото: Ділназ Ахмадиеваның жеке мұрағатынан
“Фильм 35 жастағы бұрымдылар жайлы. Мен банк қызметкерінің рөлін сомдаймын. Менің кейіпкерімнің әзіл-қалжыңға көзқарасы басқалардан ерекше, ақындығы бар, өлең жазады. Менің фильмде жазған өлеңдерім сіздерге ұнайды деп ойлаймын”, – дейді Ділназ.
Кинокартинаға Әсел Сәдуақасова продюсерлік еткен ұқсайды. Ділназды түсірілімге шақырған да өнердегі әріптесі Әсел болып шықты. Ахмадиеваның айтуынша, фильм түсіріліміне атсалысқан мамандардың түгелі дерлік – әйел адамдар. Мұны әнші жақсылыққа балап отыр.
“Осыдан соң бағым ашылып, тұрмысқа шығатын шығармын”, – деп қалжыңдады ол.
“Негізі киноға түсуге ұсыныстар көп түскен. Бірақ маған сценарийлер мен рөлдер ұнаған жоқ. Біртүрлі әйелдерді сомдауым керек болды. Мен оларды ойнағым келмеді. Менің кейіпкерім біртүрлі қияли, әрекеттері мен сөздері ақылға сыймайтын адам. Бұл өте күлкілі фильм болады. Мен сценарийді оқи бастағаннан-ақ езуіме күлкі үйірілді. Ал мен анша-мұншаға күле бермеймін”, – деп ағынан жарылды Ахмадиева.
Әңгіме барысында Ділназ “Көшпенділер” фильміндегі эпизодтық рөлін еске алды. Ол 3,5 секундық рөлі үшін 700 доллар пайда тапқанын айтты.
“Менің кейіпкерім абақтыға келді, бірдеңе сұрады. Кетті, сонымен бітті. Түсірілім 4 айға жалғасты. Менің рөлім сол 3,5 секунд. Есесіне 700 доллар қаламақы, ондай ақша ешқашан алмағанмын”, – дейді Ахмадиева.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.