Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Digital Bridge 2022: Орталық Азияда баламасы жоқ ғарыштық модуль таныстырылды 

Бүгін Астана қаласында Digital Bridge технологиялық халықаралық форумы басталды. Аталған шара барысында Қазақстанда алғаш рет эксперименталды ғарыштық модульдің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айдын Айымбетов 2022

Eurasia Space Ventures компаниясының негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов модульді құрудың мақсаты - адамның ғарышқа ұшуының негізгі ерекшеліктеріне еліктеу екенін айтады.

“Біз сынаушылардың қажеттіліктерін зерттеп, ХҒС-тағы жұмыста, сондай-ақ NASA, Роскосмос және Еуропалық ғарыш агенттігінің жобаларында қолданылатын үздік әлемдік тәжірибелерді ескердік. Енді Қазақстан оларға және басқа да ғылыми топтарға жабық ортада түрлі эксперименттер жүргізу үшін бірегей алаң беруіне болады", - деп түсіндірді Eurasia Space Ventures компаниясының негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов.

"ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы және қазақтың атақты ғарышкері Айдын Айымбетов таяу уақытта модуль бойынша тәжірибелер басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазақстандық тәжірибе кешені болашақта жүздеген ғалымдарды қабылдап, өзін ғарыш экипажының мүшесі ретінде сезінгісі келетін туристерге есігін айқара ашады.

Digital Bridge 2

Биылғы Digital Bridge халықаралық форумы “Орталық Еуразия - жаңа технологиялық платформа ретінде қалыптасуда” тақырыбы аясында өтуде. Екі күнге созылған жиынға 5 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде 300-ден астам IT-компания, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 200 спикер және 70 инвестор бар. 

Digital Bridge халықаралық форумында Eurasian Space Ventures (ESV) компаниясы елімізде тұңғыш рет эксперименталды ғарыштық модулі жобасын көпшілікке таныстырды. 

"Біздің компания KGS және Astana Hub –пен бірлесіп эксперименталды ғарыштық модулін жасап шығарды. Бұл модуль ғарышкерлер тобын сапарға аттанбас бұрын тестілеуден өткізуге арналған. Яғни модульдің көмегімен ғарышкерлердің жалпы және психологиялық жағдайы мен дайындығын тексеруге болады. Ғарыштық модуль 5 бөліктен тұрады. Бірінші басқару бөлігі, яғни әуе кемесін қалай басқару керектігіне арналған. Екінші – инженерлік бөлік. Ол жерде ғарышкерлер жиын өткізіп, тапсырмаларды орындау барысын талқылайды. Үшіншісі – ғарышкерлердің тұруына арналған бөлме. Ол жерде асхана, төсек-жай және әжетхана бар. Төртінші коммуникация бөлігі. Онда су, жарық және климатты бақылау процесі жүреді", - деді ESV (Eurasian Space Ventures) ғарыштық компаниясының қызметкері Маруф Мадраимов. 

Digital Bridge 3

Оның айтуынша, көрме аяқталған соң ғарыштық модуль “Қазақстан ғарыш сапары” АҚ-ға беріледі. 

"Бұл ғарыштық модульдің Орталық Азия бойынша баламасы жоқ. Бұған дейін осыған ұқсас ғарыштық модуль жасау бойынша NASA және Роскосмос эксперимент жүргізді. Сондай-ақ, бұл толықтай біздің өнім, яғни қазақстандық. Басынан аяғына дейін өз елімізде ойлап табылып, жасалды. Модульді жасауда команда болып жұмыс істеді. Себебі ғарыштық модульді құрастыруға аз уақыт берілді. Шамамен 2 айдың ішінде дайын болды", - дейді ол. 

Сондай-ақ, компания өкілі ғарыштық модульді жасауда шетел тәжірибесі ескерілгенін атап өтті. 

"Шетелдік тәжірибенің бірі "Марс -500" модулі. Бұл – ресейлік тәжірибе. Яғни көрші елдің ғарышкерлерді сапарға аттандырмас бұрын 1,5 жыл бойы осы секілді модульдің ішінде өмір сүрген. Ендігі уақытта қазақстандық ғарышкерлердің шетел барып тестілеу, сынақтан өтуінің қажеті жоқ. Орталық Азияда баламасы жоқ ғарыштық модуль өзімізде бар. Бұл модульді одан әрі жетілдіре түсетін боламыз. Әрине, бүгінгі форумда модульдің толық мүмкіндігі көрсетілмеген", - деді Маруф Мадраимов.

Digital Bridge 4

Маманның мәліметінше, көрмеге келушілердің ішінде отандық ғарыштық модульге қызығушылық танытып, сұрап жатқандар баршылық екен. 

"Модульді құрастыруда бірнеше сала мамандары еңбек етті. Оның қатарында инженерлер, құрастырушылар, IT және тағы басқа мамандар бар. Тағы бір жайт ғарыштық модуль 4 адамға арналған", - деп түйіндеді ESV ғарыштық компаниясының қызметкері.

Талқылау