"Дыбысталуы ұнамайды, үйренуге ниетім жоқ": Қазақ тілі туралы айтқан блогердің мәлімдемесі желіде үлкен дау тудырды
Фото: gulshat_suiindik
Әлеуметтік желіде блогер Екатерина Романованың "маған қазақ тілінің дыбысталуы ұнамайды, оны үйренгім келмейді" деген сөзі қызу талқыланып жатыр. Пікір қазақстандықтардың наразылығын туғызып, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер қазақ тілінің дыбысталуы ұнамайтынын, оны үйренуге ниетінің жоқ екенін айтты.
“Маған қазақ тілінің дыбысталуы ұнамайды, оны үйренуге ниетім жоқ және курьермен сөйлесе алмай қалсақ, шатасып қаламын, ал курьер өзі орыс тілін білмейді. Тауларға, бұлақтарға, т.б. барған емеспін. Бұл менің қызығушылығым емес, мүлде қызықпайды. Мұнда жаңа достар таба алған жоқпын, үлкен қызығушылықпен танысуға келген едім, бірақ "неге" екенін түсінбедім, ұяламын", – деген блогер.
Көпшілік мұндай мәлімдемені елдің мәдениеті мен тіліне құрметсіздік деп бағалады.
Пікір қалдырушылардың айтуынша, Қазақстан өз мәдениеті мен тілін қорғауға тиіс тәуелсіз мемлекет, ал мұнда өмір сүріп жатқан әр адам осы құндылықтарға сыйластықпен қарауы керек.
"Құрметті Екатерина, егер қазақ тілінің “дыбысталуы” ұнамаса, өзіңізді қинамай-ақ елден кетіңіз. Біз сағынбаймыз", "Орыс тілін де толық меңгермеген адам қазақ тілін сынайды. Енді оған қазақтар жиі кездесіп, принципті түрде тек қазақша сөйлесе екен", "Құрметті емес Екатерина, Қазақстанды шын сүйіп, қадірлейтіндер үшін осында қалуға тиіспіз. Егер бұл ел ұнамаса, кетіңіз. Сіздің сияқты адамдардың кесірінен барлық эмигранттарға жағымсыз көзқарас қалыптасады", – деп жазды оқырмандар.
Кейбір қолданушылар Екатерина Романованың фотосы мен жеке деректерінің скриншоттары бар екенін айтып, құқықтық шара қолдану керек екенін де көтерді.
Желі қолданушыларының басым бөлігі қазақ тілін менсінбеуді елге және ұлтқа құрметсіздік деп бағалап, мұндай адамдарға төзім танытпау керек деген пікір білдіріп отыр.
Кейіннен блогер өзінің Instagram-парақшасын өшіріп тастаған. Дегенмен, оның сөзіне қатысты талқылаулар әлі де басылған жоқ. Кейбір желі қолданушылары тіпті құқық қорғау органдарына шағым түсіру қажет екенін де жазып жатыр.
Бұл мәселеге қатысты ішкі істер министрлігіне сауал жіберіп қойдық.
"Қатты ұяламын": Қазақтарды "мамбетке" теңеген Алика Мұхамадиева үкім шығар алдында жылап жіберді
Алика Мұхамадиева әлеуметтік желілерде алауыздық тудырғаны үшін сотталды
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың шілдесінде желіде қазақстандықтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған кәсіпкер әйел уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы жазған едік. Алика Мұхамадиеваның ұсталуына, "Қазақстан несімен танымал?" деген сауалға "Мамбетами" деп жауап беруі себеп болған. Сондай-ақ ол қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді "полукалбитский диалог" деп келемеждеген.