"Дертті жеңуге ән көмектеседі": Қызылордалық жеткіншек өнерін көрсетіп, еміне ақша жинап жүр
Қызылордалық әнші қыз Аружан Дүйсенәлиева табиғатынан мінезі өжет, еңбекқор, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға асығады. 11 жастағы жеткіншек бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан. Ауруы мазалап, жанына батқан кезде де шыдамдылық пен сабырлылықты ту етеді. Сөзінше, бар тірегі – Жаратушы Иесі мен әжесі. Қазір Аружан концерт ұйымдастырып, еміне ақша жинап жүр. Stan.kz тілшісі болмысы ерекше жанмен сұхбаттасқан еді.
— Қайырлы күн, Аружан. Өзіңді біздің оқырмандарымызға таныстыра кетсең.
— Менің жасым қазір он бірде. Алтыншы сыныпта оқимын. Озат оқушылардың бірімін. Әжем мен тәтеммен бірге тұрамын. Ән айтқан ұнайды. Көптеген облыстық және республикалық сайыстарға қатысып жүрмін. Менің шығармашылығымды және өнерімді бағалайтын жандар көп. Сол кісілердің демеуі мені алға жетелейді. Нәресте кезімде «Бүйрек жетіспеушілігі» диагнозы қойылған. Есімді білгелі аурухана жағалап жүрмін. Дертім жаныма бататын кездер де болады. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде бүйрегімнің жұмыс жасамағанынан басқа ағзаларым да мазалап жүр. Көзімнің көруі нашарлады. Бұл кітап оқуыма, ән жаттауыма сәл кесірін тигізіп жатыр. Бірақ қол қусырып, қиындыққа мойынсұнғым келмейді. Қолымнан келгенше маңдайыма жазылған ауруды жеңуге тырысамын. Бәрі бір Алланың қолында.
— Аружан, көңіліне тигім келмейді. Бірақ, ата-анаң қайда?
— Менің ата-анам бала кезімде ажырасып кеткен. Кейін мені анам әжемнің тәрбиесіне қалдырған. Әжем мен үшін ең жақын адам. Ол анамның орнын баса алды. Бала кезімнен Құран жаттауды үйрендім. 5 жасымнан мешітке барып, имамдардың дәрісін тыңдадым. Әжемнің тәрбиесінің арқасында көптеген жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Ертең бойжеткен кезімде әжеме қамқор болып, бейнетінің зейнетін көрсеткім келеді. Мен үшін отқа да, суға да түсіп жүрген ерекше жан.
— Қай кезден бері ән айта бастадың? Қандай тақырыптардағы шығармаларды орындаған ұнайды?
— Соңғы екі-үш жылдан бері ән айтумен айналысып жүрмін. Облыстық мүгедектер қоғамымен тығыз байланыс жасаймын. Осы ұйымның арқасында шығармашылықпен толыққанда айналысуға мүмкіндік алдым. Мен бұрын кәсіби әншілерден сабақ алған емеспін. Өзім ноталарды үйреніп, шығармаларды нақышына келтіріп орындайтын болдым. Маған ән айтқан ерекше ұнайды. Жуырда республикалық «Жұлдыздар шеруі» ән байқауына қатыстым. Сайыс онлайн форматта өтті. Қазылар алқасы менің өнерімді жоғары бағалап, үшінші орынға лайық деп тапты. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Мұнан бөлек түрлі сайыстарға да өзімнің бағымды сынап көруге тырысамын. Қолымнан келгенше, жан-жақты болуға тырысамын. Мен өмірдің құнын жақсы білемін. Әр күнімді мазмұнды әрі қызықты өткізу керек деп ойлаймын. Көбіне мен патриоттық тақырыптардағы әндерді орындаймын. Болашақта еліне еңбегі сіңген азамат болғым келеді.
— Қазір концерт ұйымдастырып, еміне қаражат жинап жүргеніңді білеміз
— Иә. Өкінішке орай, жылына бірнеше мәрте емге баруым керек. Әрине, медициналық мекемелердің қызметі қымбат, оның үстіне дәрі-дәрмектердің бағасы да шарықтап тұр. Мен ешкімге қол жайып, көмек сұрағым келмейді. Сол себепті емге кетер алдында өнерімді көрсетіп, көпшіліктен қаражат жинайтыным рас. Менің ән кешіме келіп, маған қолдау білдіретін жандар аз емес. Мен үшін бұл үлкен қуаныш. Осы уақытқа дейін төрт концертімді ұйымдастырдым. Көп жағдайда облыстық мүгедектер қоғамы жанымнан табылады. Ол кісілер ұйымдастыру жағын өз мойындарына алады. Концерттік – залдарды дайындайды, халықты қайырымдылық шарасына қатысуға шақырады. Мұнан бөлек мешіт қызметкерлері де маған ерекше көмек береді. Жалпы, менің жағдайыма бей-жай қарамайтын кісілер өте көп. Барлығына алғысым шексіз.
— Аружан, ең үлкен арманын қандай? Болашақта кім болғың келеді?
— Әрине, ең үлкен арманым дертімнен айығып кету. Армандардың орындалатынын білемін. Жақсылыққа сенемін. Қатарымнан қалмай, жоғары оқу орнына түскім келеді. Болашақта режиссер болып, атақты әншілермен бір сахнада ән айтқым келеді. Әжемнің бар үмітін ақтауды мақсат етемін. Мен денсаулықтың қадірін білетін жанмын. Ерте есейдім деп ойлаймын. Анамның махаббатын емес, әжемнің махаббатын сезініп өстім. Бірақ мен ешкімді кінәламаймын. Әлемдегі барлық балалардың дені сау болғанын қалаймын. Мен табиғатымнан күрескермін. Алла қаласа, барлық сынақтарды жеңемін.
—Аружан, сұхбатыңа рахмет.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
