Депутаттың сұрағын екі тілде де түсінбеген құрылыс министрі сынға қалды
Видеодан скриншот
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәжіліс отырысында депутат Әділ Жұбановтың сауалына жауап бере алмай қалды. Екі тілде де сауалды түсінбеген министрді желі қолданушылары сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
8 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында Әділ Жұбанов қарастырылып жатқан жаңа Құрылыс кодексі бойынша сұрақ қойған еді.
“Бас мердігердің субмердігерге 30%-дан артық жұмыс беруіне тыйым салынғалы отыр. Былтыр “мемлекеттік сатып алу” заңында бюджет қаражатын игеріп жатқан жұмыстарға бұл қарастырылғанын түсіндік. Ал жеке инвесторға не себепті осындай шектеу қойылып отыр? Соның себебін айтасыз ба?”, – деді депутат.
Министр сұрақты қайта қоюды өтінеді. Ол сұрағын орыс тіліне аударып қояды. Алайда оны да Нағаспаев түсінбей қалады.
“Сұрағыңызды толық түсінбедім. Бірақ сауалыңызды қарастырамыз”, – деді ол.
Желі қолданушылары министрді сынап тастады.
“Министр қазақша да, орысша да, мәселенің түп-төркінін де түсінбей отыр, ойбай-ау, бұл министр ғой”, “Желідегілердің бәрі сұрақты түсінді, тек министр түсінбеген тәрізді”, “Қалай да жұмыс істеп жүр екен. Жағдайдан да, ақпараттан да, тілден де хабары жоқ екен. Мүмкін бұл робот шығар? Оны қайта жүктейік, қатып қалды” – деп жазды желідегілер.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
