Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар жолақысын 500 теңгеге көтеру ұсынысын сандырақ деп атады

автобусФото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаттары автобус жолақысын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныстың орынсыз екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қазір мемлекет көлік компанияларын жартылай субсидиялап отыр, сондықтан бағаны күрт өсіру халықтың жағдайына сәйкес келмейді.

"Қазақстан бюджеті жолаушылар тасымалы саласын субсидиялайды. Қызметтің 50 пайыздан астамы мемлекет есебінен өтеледі. Себебі халықтың төлем қабілетін жақсы түсінеміз. Азаматтарымыз қанша табыс табатынын және қанша төлей алатынын білеміз. Сол себепті 500 теңгеге көтеру туралы ұсыныс сандырақ", – деді депутат мәжіліс кулуарында.

Депутат Ирина Смирнова да бұл пікірді қолдап, жолақының 500 теңге болуы қазіргі экономикалық жағдайға сәйкес келмейтінін айтты.

"Баға монополияға қарсы комитеттің қатысуымен реттеледі. 500 теңге деген – шындыққа жанаспайтын сома. Бұл тек бір азаматтың жеке пікірі ғана. Егер ол 500 теңгеге мінгісі келсе өз еркі, бірақ оны жалпы тарифке айналдыру қисынсыз", – деді ол.

Ал депутат Айдос Сарымның пікірінше, халықтың төлем қабілеті әр өңірде әртүрлі, сондықтан жолақыны жергілікті атқарушы органдар белгілеуге тиіс.

"Баға мен тарифтерді жергілікті билік бекітеді. Себебі ірі қалалар мен шағын елді мекендердің жағдайы бірдей емес. Бірінде кептеліс көп, бірінде аз. Сол себепті бірыңғай баға қою дұрыс емес", – деді Айдос Сарым.

Еске сала кетейік, бұған дейін энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов автобус жолақысын 500 теңгеге көтеру қажет деген пікір білдірген еді

Қазір Астанада қоғамдық көліктегі жолақы – 110 теңге, ал бұл ұсыныс халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, баға көтеріліп жатқан тұста айтылды.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың сөзінше, ұсынылған жолақы қазақстандықтардың табыс деңгейіне сәйкес келмейді. 

"Қоғамдық көлік әлемнің барлық елінде субсидияланады. Ол сол себепті "қоғамдық" деп аталады. Оны халықтың кең тобы пайдаланады. Ал аталған баға Қазақстанға мүлде сай келмейді. Себебі ол қазақстандықтардың нақты табыс деңгейіне сәйкес емес. Сондықтан бұл жерде қосымша пікір білдірудің өзі артық деп ойлаймын", – деді Никита Шаталов.


Энергетика министрлігі жолақы бағасын көтеруді ұсынған Олжас Байділдиновтен бастарын ала қашты


"Автобус жолақысы 500 теңгеге жетуі мүмкін бе": Үкімет блогердің сөзіне пікір білдірді


Оның айтуынша, қоғамдық көлікті субсидиялау жүйесі әлемдік тәжірибеде бар.

"Қазір тарифтердің ішінде өзін-өзі ақтайтын бағыттар да бар. Сондай-ақ жолдың ұзақтығына, жердің қолжетімсіздігіне немесе жолаушылар ағынының аздығына байланысты бір реткі жолақы құны 1 500 теңгеге дейін жететін бағыттар да кездеседі. Мысалы, таулы аймақтарға қатынайтын маршруттарда. Мұндай жағдайда айқаспалы субсидиялау әдісі қолданылады. Бұл – қалыпты тәжірибе. Ал оның нақты қалай жүзеге асырылатыны жергілікті атқарушы билік пен мәслихаттардың құзыретінде. Олар тиісті бюджеттерді келісіп бекітеді", – деді депутат.

Айта кетейік, "қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы жолақыны қымбаттатуды ұсынып, тағы сынға қалған еді. Үкімет те блогердің сөзіне пікір білдірді. Сонымен қатар Қазақстан қалаларындағы жолақы қанша екенін анықтадық.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 15:34
Талқылау