Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын сауатты жазуды талап етті

«Нұрлы жер» үйсіздердің үмітін ақтай ма? Бүгін депутаттар президенттің бастамасын Үкіметтің тиімді іске асыра алатынына күмән келтірді. Өйткені, бұған дейінгі жарнамасы жер жарған талай мемлекеттік бағдарлама жарты жолда аяқсыз қалып, құрдымға кеткен. Сондықтан мәжілісмендер жаңа тұрғын үй бағдарламасының миллиондаған адамды баспанамен, жермен жарылқайтынына сенімсіздікпен қарап отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

20160820134652

Үкімет сағаты министрлер үшін емтихан тапсырғанмен тең. Бүгін Ұлттық экономика министрі өндірістің көлемі, табыс пен шығын, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жайында баяндауға келген. Қуандық Бишімбаев мінберде тұрып сөзін аяқтағаны сол еді, мәжілісмендер жыл сайын баспанаға деп бөлінген қыруар қаржының қайда кеткенін сұрап, министрге тап берді.

«Осы күнге дейін бағдарламалар болды. Бірақ олардың орындалуы өз деңгейінде болған жоқ. Өйткені мына облыстарға, өңірлерге ақша бөлген кезде олардың игерілуі де өз дәрежесінде болмады. Көптеген қалаларда тұрғын үй салатын жерлер де болған жоқ. Көптеген қаражат тиімсіз пайдаланылды, тиімсіз жұмсалды», – дейді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Мәселен, тұрғындарға үй салып беру үшін бюджеттен былтыр 740 миллиард, биыл қосымша 400 миллиардтан астам теңге бөлінген. Бірақ бұдан баспанасыз жүргендердің саны азаймаған, керісінше, кезекте тұрғандар қатары артыпты. Ал шенеуніктер құрылысқа бөлінген қазына қаржысының қайда кеткені туралы есеп те бермейді екен.

«Мәселен, коммерциялық тұрғын үй бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» 97 миллиард теңге бөліп, 11 мың шаршы метр пәтер салмақ. Оны қандай құрылыс компаниясы салады? Кімдерге арналған баспана? Жеңілдікпен сатылатын үйді әдеттегідей «Самұрықтың» айналасындағы адамдар өзара бөліп алмай ма?» – дейді Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова.

Қазбекованың күдігі бекер емес. Себебі, бюджеттен бөлінген қаржыны «Самұрық-Қазына», «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» секілді алпауыттар өзара бөліп алып отыр. Енді бұлардың барлығы қайта біріктіріліп, «Нұрлы жер» деп аталмақ. Бас экономист Бишімбаев қанша сыналса да  бұл бағдарламаның мақтауын келістіріп отыр.

«Нұрлы жер» қазір әзірленіп жатыр. Ипотекалық несиелерді жеңілдету шаралары іске асырылады. Басты мақсат инфраструктурасы қамтылған жер учаскелерімен қамтамасыз ету. Дайын болған соң азаматтар  соны алып, үй салады. «Құрылысжинақ банкінің»  салымшыларына  арнайы үй саламыз», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

 

Негізі «Нұрлы жер» бойынша, Үкімет алдағы екі жылда 100 мыңнан астам жер телімін елге таратпақ. Ол учаскелерге жеке үй салуға болады. Яғни, жол төселіп, жарық, жылу тартылады. Экономика министрінің уәдесіне сенсек, ипотекалық несиенің пайызы екі есеге дейін арзандайды екен. Бірақ бұдан бұлай жалдамалы пәтер, несиеге берілетін баспананы мемлекет емес,  жеке құрылыс компаниялары салатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы алдағы екі айда жазылып, пәтер бағасының шаршы метрі де, қайта белгіленуі тиіс.

Ал, баспанасыз далада қаңғып жүрген жұрттың сөзін сөйлеп, ерекше белсенділік танытқан депутаттар енді құрылысқа бөлінген қаржыны да өздері қатаң қадағаламақ. Оның үстіне қазір ірі қалаларда ғана емес, аудан, ауылдарда да баспана сұрап жүргендердің саны көп. Жүздеген мың адам пәтерге, ал миллиондаған тұрғын жеке үй салу үшін жер алуға кезекте тұр. Үйсіздердің ендігі үміті «Нұрлы жер» бағдарламасында.

Жіберіп алмаңыз: 

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың жер учаскесі беріледі

Үй салу үшін әр азаматқа 10 сотық жер беретін “Нұрлы жер” бағдарламасы әзірленбек

Дариға Назарбаева өзін елбасының мұрагері ретінде қарастыра ма

Ақтөбе әкімдігіндегі шенеунік алтын жалатылған креслоға тапсырыс берген

Талқылау