Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар қазақстандық элитаның Эпштейнмен байланысын тексеруді талап етті

Фото: Stan.kz

Мәжіліс отырысында депутаттар Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасынан қазақстандық элитаның Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланысын тексеруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжілістің пленарлық отырысында фракция жетекшісі Асхат Рахымжанов бұл мәселе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін айтты. Сонықтан құқықтық баға беруді талап ететінін айтты.

Депутаттың сөзінше, "Эпштейн файлдарында" аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысы бар адамдар туралы ақпарат тексерілуі керек. 

“Кездесулердің сипаты, мақсаты анықталуы тиіс. Сонымен қатар Қазақстан аумағында немесе шетелде Джеффри Эпштейнмен қазақстандық саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің байланысы болған-болмағанын анықтау қажет. Бұл қатарға бейресми кездесулер, жабық келіссөздер, ақпарат алмасу сияқты кез келген өзге де байланыс түрлері кіреді”, – деді депутата. 

Асхат Рахымжановтың айтуынша, “Эпштейн файлдарына” қатысты материалдар бірқатар елде ашық талқыланып жатыр. Ал Қазақстанға қатысты мәліметтерді елемеу елдің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін дейді.

“Қазақстан азаматтары ел тағдыры кімнің қолында болғанын және ол жабық, күмәнді беделі бар клубтарда саудаға түскен-түспегенін білуге құқылы. Жарияланған құжаттарда Ескі Қазақстанның  саяси элитасына тиесілі, кезінде жоғары мемлекеттік қызмет атқарған тұлғалардың есімдері аталады. Мұндай деңгейдегі шенеуніктердің моральдық келбеті мен байланыстары жеке өмір мәселесі емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен беделіне тікелей қатысты”, – дейді депутат. 

Депутаттың айтуынша, мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекет ету ісі бойынша жазасын өтеп жатқан бұрынғы Ұлттыұ қауіпсіздік комитеті төрағасы Карим Мәсімов “Эпштейн файлдарында” кемінде сегіз рет аталады. Жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны аңғарылады.

“Неге жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік Эпштейнмен кездесуге мүдделі болды? Бұл кездесулер қай аумақта өтті? Сол атышулы аралда болған жоқ па?”, – деген сұрақ қойды депутат.

Сонымен қатар шетелдік басылымдарда Джеффри Эпштейн мен Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғаны туралы дерек жарияланған. Хат алмасуларда Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланыстары, кездесулері, бір-біріне жолдаған жеке сәлемдері және түрлі ортақ шаралар талқылағаны айтылады. Сондай-ақ құжатта “мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары шенді генерал” белгісіз тұлға да аталады.

“Бұл кім? Бұл тағы да сол Мәсімов болуы мүмкін бе?”, – деп сұрақ қойды Рахымжанов.

Депутаттың айтуынша, жарияланған құжаттардан Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені көрінеді. Алайда “файлдарда” оның еліміздегі барлық байланысы толық қамтылмаған болуы да мүмкін.

Халықаралық зерттеулер аясында қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунованың есімі де аталады. Асхат Рахымжанов Эпштейннің кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау желісін ұйымдастырған тұлға ретінде танылғанын, оның саяси, қаржылық және барлау орталарымен тығыз байланысы болғанын еске салды. Осыған байланысты қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктердің мұндай адаммен байланысы сұрақ туындататынын айтты.

Депутат нақты мына сұрақтарға жауап беруді талап етті:

Эпштейн Қазақстанға қандай мақсатпен жиі келген? Ол сол кезеңдегі қай лауазымды тұлғалармен байланыс орнатқан? Құпия ақпараттың сыртқа шығуына жол берілді ме? Мемлекеттік шешім қабылдаған тұлғаларға сыртқы ықпал ету арналары құрылған жоқ па? Оларға қатысты компромат жиналмады ма?

Айта кетейік, бұған дейін Эпштейн ісінде Қазақстан туралы қандай деректер жарияланғанын жазған едік. АҚШ Әділет министрлігі қаңтар айында Джеффри Эпштейн ісі бойынша 3,5 миллион жаңа құжаттарды жариялады. Онда 400 реттей Қазақстан туралы айтылған. Сонымен қатар осы іс ішінде жоғары лауазымды шенеуніктер Назарбаев пен Мәсімовтің есімдері, Алматы мен Астанаға сапарлар, сондай-ақ И есімді жұмбақ қыз айтылған.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 13:13