Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат жекенің қолына заңсыз өткен жерлер ҚазҰУ меншігіне қайтарылатынын айтты

Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов "Ақ жол" партиясының депутаттары жолдаған сауалға жауап беріп, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) жер телімдерінің бір бөлігін алуға қатысты заңбұзушылықтардың анықталғанын және салдарын жою талабы жолданғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде депутат Азат Перуашев Telegram-арнасында жазды.

Казгу 2022

Бас прокуратураның жауабында 2012 жылы Алматы әкімдігінің қаулысымен ҚазҰУ-ға тұрақты жер пайдалану құқығымен ауданы 73,26 га учаске берілгені айтылған.

"2017 жылғы 2 қазанда қала әкімдігімен осы учаскенің шекарасын түзету туралы қаулы қабылданып, оның ауданы 1,82 гектарға азайды", – делінген Перуашев жариялаған прокуратураның жауабында.

Прокуратураның мәліметінше, учаскенің кішірейтілген бөлігі "Оmirex" ЖШС – 0,74 га, коммуналдық қызметтердің ("Алматы Су" МКҚ, "Алматы жылу желілері" ЖШС, "Қазпошта" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ) – 0,56 га және Ш.А. Мұстафаевтың – 0,52 га иелігіне өткен.



"Алайда жер кодексінің 48 және 82-баптарын бұзып, Алматы қаласының әкімдігі "Omirex" ЖШС-ға жер учаскесін сауда-саттықсыз және оған ҚазҰУ-дың жер пайдалану құқығы тоқтатылғанына дейін берген. Сондықтан Алматы прокуратурасы 2022 жылғы 11 мамырда қалалық Жер ресурстарын басқару департаментінің атына заңдылық бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізді", – дейді прокуратура.

Сонымен қатар Азат Перуашев бірге, ҚазҰУ-ның бір жыл бұрынғы осы тектес талаптарын сот қабылдамай тастағанын айтып, бұл жолы істің қалай өрбитініне қызығушылықпен қарайтынын жеткізген.

Ал бас прокурор өз жауабында өзге өңірлердегі жоғары оқу орындарының жер телімдеріне қатысты нақты өтініштерді қарастыруға дайын екендігін айтқан.

Ақберен Амангелді
Сәрсенбі, 25 Мамыр, 2022 16:37
Талқылау