Депутат қос азаматтығы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Парламент мәжілісінің депутаты, "Amanat" партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы қос азаматтық үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Іс жүзінде кейбір азаматтар екінші паспорты бар екенін жасырып, Қазақстанның барлық құқықтары мен жеңілдіктерін пайдаланып жүр. Ерекше алаңдататыны – мұндай фактілер анықталған жағдайда да жауапкершілік тек айыппұлмен шектеледі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында шамамен 690 мың теңге көлемінде айыппұл көзделген. Ал заң бұзғандар ел аумағынан еш кедергісіз шығып кетеді, себебі уәкілетті органдар мен құқық қорғау органдары әкімшілік регламенттер мен ҚПК-ден аса алмайды. Соның салдарынан мұндай адамдар тергеуге алынбайды, оған қоса бірқатар мемлекетпен экстрадиция дәстүрінің жоқтығы да жағдайды қиындатып отыр. Мұндай фактілер аз емес", – дейді Болатбек Нажметдинұлы мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, қос азаматтығы барлар Қазақстан азаматының құқықтарын пайдаланады, бірақ міндеттерін орындамайды. Осыған байланысты Болатбек Нажметдинұлы қос азаматтығы бар адамдарға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жазаға дейін қатаңдатуды ұсынды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл ұсынысты талқылауға дайын екенін жеткізді.
"Қос азаматтық фактісі шекарадан өткен кезде және шетелдік әріптестермен ақпарат алмасу кезінде анықталады. Жалпы жыл басынан бері 682 адамның қос азаматтығы анықталды. Олар азаматтығынан айырылып, Қазақстанға кіруге 5 жылға шектеу қойылды. Олар көбіне Ресей, АҚШ, Түркия, Гермпения елдерінен келгендер", – деді Ержан Сәденов.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
