Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Хаменова бэби-бокс орнату идеясын қайта көтерді

Қауіпті індетке айналып бара жатқан тастанды сәбилер мәселесіне депутаттар алаңдаушылық танытып отыр.

1776574

Бұл туралы Sputnik хабарлайды.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында “Нұр отан” партиясы фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, аса өзекті осы түйткілге назар аударуды сұрады.

“Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған. Бұрын “баласын тастап кетіпті” дегенді оқта-текте еститін құлағымыз бүгінде “сәбиін қоқыс жәшігіне, әжетханаға лақтырып кетіпті” деген сұмдық хабарларға үйреніп бара жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден жұрттың наразысы мен наласына қалып жатқан оқыс оқиғалар, өкінішке қарай, былтырдан бүгінге дейін екі еселенгенін көруге болады. Бұған дәлел, Бас прокуратураның ресми мәліметіне сәйкес, 2016 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің “Қауіпті жағдайда қалдыру” бабы бойынша 15 қылмыстық іс көтерілсе, биылғы жылдың үш айының өзінде ғана даладаға қалған сәбидің саны сегізге жеткен”, — деді Бақытгүл Хаменова.

Депутаттың айтуынша, көрінгеннің аяқ басқан жері тастанды сәбилердің бесігіне айналып отырғаны өтірік емес. Дегенмен, көптеген жағдайда далада қалған балалар шетінеп кеткендіктен, олардың өлім-жітімі туралы нақты ресми дерек жоқ.  “Жалпы, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз, ұлтты тәрбиеу деген сөз. Қазіргі таңда отбасыдан бастап, балабақша, мектеп, колледж, тіпті жоғарғы оқу орындарында тәрбиеге жете көңіл бөлініп келе ме? Қоғамның дерті болған мәселені бірлесіп шешу үшін келесі жәйттерге назар аударуды сұраймын. Алдымен, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жеткіншектің жетілуі кезеңіндегі бақылау мен жүкті аналардың есепке тұру ұстанымы қалай жүргізілуде? Екіншіден, білім ошақтарында тәрбиеге қайшы келетін олқылықтарды жою үшін рухани-адамгершілік құндылығы сіңген бағдарламаны неге қабылдамасқа?”, — дейді ол.

Депутаттың атап өтуінше, отбасы, ортасы, білім ошағы секілді үш тағанның бірлесіп атқарар жұмысын тізгіндейтін уақыт жетті. Бұдан бөлек,  күн ұзағына нәпақа табумен жүрген, бауыр еті баласының тәрбиесін кейінгі ысыра беретін ата-аналармен кімнің жұмыс жүргізетіні белгісіз.  “Төртіншіден, бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде үміт үйлері мен үміт топтарында 333 сәби тәрбиеленуде. Ал бұл үйлер от басқан аналар үшін тығырықтан шығар бірден-бір жол. Осы іспетті орындардың бар екендігі туралы жауапты мамандар тарапынан жастарға кеңірек түсіндіру жұмыстары жүргізілсе игі”, — деді Хаменова.

Депутаттар тығырықтан шығар тағы бір жол ұсынып отыр. Бүгінде көптеген елдер кеңінен тараған “бэби-бокс” деп аталатын үміт бесіктерін бізге де орнату қажет.  “Бэби-бокс деп аталатын үміт бесіктері бүгінде біраз елде бар. Көптеген батыс елдері аурухана жанына қойылатын  жәшіктердің арқасында мыңдаған нәрестесінің өмірін аман сақтап қалды.  Қара суық пен ит-құстың жемтігіне айналғанша, өзге елдерде кеңінен тараған тастанды нәрестелерге арналған үміт бесіктерін орнату тығырықтан шығар амал ма дерсің?”, — дейді ол.  Депутат сөз соңында қауіпті індетке айналып бара жатқан бұл мәселеге тоқтау салып, мемлекеттік дәрежеде кешенді іс-шара қабылдайтын уақыт жеткенін атап өтті.

Жіберіп алмаңыз:

Уақытша тіркеуге тұруға кімдер міндетті емес

Ақтөбеде полицейлер кепілге алынған әйелді босату үшін бұзақыны атып тастады (видео)

Алматыда сарбаз ант қабылдау рәсімі кезінде сүйіктісіне ұсыныс жасады (фото, видео)

Талқылау