Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат әуе сапарларында жолаушылардың багажын біріктіруге рұқсат беруді ұсынды

Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин қазақстандық әуекомпаниялардың жұмысын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында халықтан жолжүкке қатысты шағым көптеп түсіп жатқанын атап өтті.

"Соңғы уақытта маған және басқа депутаттарға қазақстандық әуекомпаниялардың тәжірибесіне көңілі толмайтын азаматтардан көптеген шағым түсіп жатыр. Мысалы, Air Astana жалпы салмағы белгіленген шектен аспаса да жолаушыларға жолжүк нормасын біріктіруге рұқсат бермейді", - деді ол.

Депутат нақты мысал келтіріп өтті: төрт адамнан тұратын отбасы бір жолаушыға 23 кг жолжүк тасымалдау нормасымен төрт билет сатып алады. Ұшатын кезде біреуі 30 кг болатын екі чемодан өткізеді. Мұндай жағдайда жолжүктің жалпы салмағы 53 кг болғанына қарамастан, әуекомпания 40 мың теңгеге дейін үстеме ақы талап етеді.

“Бұл жайт әділетсіз әрі жолаушыларға түсініксіз”, – деді Арсютин. 

Бас көлік прокуратурасы жолжүк нормасын біріктіруден бас тарту жолаушылардың құқығына қайшы келетінін мәлімдегенімен, әуекомпаниялар тарапынан ешқандай өзгеріс бола қойған жоқ.

"Бұл жағдайда қадағалаушы орган заңбұзушылықты тіркеп, ал уәкілетті органдар шара қолданбаса, құқық айқындығы қағидасы бұзылады", – деді депутат.

Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитеті ережелерді өзгертуді жоспарлап отырмағанын айтқан, өйткені олар халықаралық стандарттарға сай келеді. Өйткені жүкті біріктіру мәселесі әуетасымалдаушылардың ішкі шешімі болып саналады..

“Ryanair және Wizz Air сияқты арзан әуекомпаниялар артық жүкті қосымша табыс көзі ретінде қарап, қатаң ережелер мен айыппұлдарға сүйенеді. Ал Lufthansa және Emirates сияқты дәстүрлі әуекомпаниялар багажды біріктіруге мүмкіндік береді”, – дейді Арюстин.

Депутат бірге саяхаттайтын жолаушылардың жолжүгін біріктіріп есептеу құқығын заңмен бекітуді талап етті:

Біріншіден, егер жолаушылар бір билет бойынша саяхаттайтын болса, нормативтік құқықтық актілерде жолжүк нормаларын өзара біріктіру құқығын белгілеу.

Екіншіден, осы нормалардың орындалуын қадағалау.

Үшіншіден, тасымалдау ережелеріне әуекомпаниялардан билеттерді брондау кезінде жолаушыларға жолжүкті біріктіру мүмкіндігі бар екені туралы ақпарат беруді талап ететін норма енгізу.

Төртіншіден, халықаралық, оның ішінде Еуропалық Одақ пен АҚШ тәжірибесін ескеру.

Мәжіліс депутатының пайымынша, мұндай шаралар тұрғындар үшін жолжүкті тасымалдау жағдайларын жақсартуға, олардың құқығын қамтамасыз етуге және халықтық қазақстандық әуекомпанияларға деген сенімін арттыруға септігін тигізеді.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 18:00
Талқылау