Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат билікті Пәкістандағы этникалық қазақтарды құтқаруға шақырды

Фото: t.me/mazhilis_kz

Депутат Ерлан Саиров Пәкістанда тұратын 300 этникалық қазақтың Ауғанстанға депортациялануы мүмкін екенін, оларға Қазақстан билігінен шұғыл көмек қажет екенін айтып видео үндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат үндеуінде Пәкістанда тұрып жатқан бірнеше қазақтың өзіне көмек сұрап жүгінгенін айтады. 

"Пәкістаннан (Карачиден) Хамит Жорабай есімді қазақ бауырымыз маған хабарласты. Ол екі жыл бұрын 40 отбасы, барлығы 300 қазақ, Ауғанстаннан Пәкістанға қашып келгенін айтты. Қазақстанның елшісі оларға барып, жағдайларын көріп, көмек көрсетуге уәде берген. Алайда жуырда Пәкістан 30 тамызда оларды кері депортациялайтынын мәлімдеген", – дейді Ерлан Саиров. 


"Түрме мен өлім күтіп тұр": Пәкістанға қашқан ауғанстандық әйелдер өздерін кері депортациялап жатқанын айтып көмек сұрады


Депутаттың айтуынша, ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгінген, бірақ онда бұл адамдардың қазақ екенін растайтын құжаттары жоқ екенін алға тартып, көмек көрсетуден бас тартқан. СІМ дерегінше, мұндай анықтамаларды тек Ауғанстанға қайтқан соң ғана алуға болады. Алайда Саировтың пікірінше, Ауғанстанға оралу олардың өміріне қауіп төндіреді. 

"Бұл өмір мен өлім мәселесі. Мен премьер-министр Олжас Бектеновке және сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге үндеу жолдаймын. Біз қазақ бауырларымызды құтқаруға міндеттіміз. Құрметті азаматтар, 300 адамның қоныс аударуына жағдай жасайық. Егер біз өзіміз көмектесе алмасақ, бұл адамдарды босқын ретінде танып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің босқындар істері басқармасына жүгіну қажет. Барлығыңызды бұл іске қолдау көрсетуге шақырамын", – дейді депутат. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан соты өз елінде өлім жазасы күтіп тұрған ауғанстандық қызға босқын мәртебесін бермей қойғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 19:06
Талқылау