Депутат 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізуді ұсынды
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде шамамен 38 миллионнан астам шот бұғатталып тұр. Олардың ішінде екі миллионға жуық тұрмысы төмен отбасы бар. Бұл олардың күнделікті азық-түлік сатып алуына, автобуспен қатынауына және жұмысқа орналасуына қиындық тудырып отыр.
“Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлер құқықтарының теңгерімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім. Мұндай шотқа айына 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастырып жатыр”, - деді депутат.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы заңда кірісі төмен азаматтарды қорғайтын нормалар кеңейтілгенін айтты.
“Біз былтыр заңды қабылдағанда осы кірісі төмен азаматтарды қорғайтын нормаларды кеңейттік. Екі минималды күн көріс сомасын сол шоттан ала алмайтын норма енгіздік.Тағы бірқатар әлеуметтік табыс бойынша қаржы ұйымдары да осы ақшаны ала алмайды. Әлеуметік осал топтағы азаматтарға қатысты банктерге бұған ерекше назар аударуды тапсырамыз. Бізге осындай ұсыныстар берсеңіз, тағы қандай шара қабылдауға болатынын қарастыруға дайынбыз”, - деді Мәдина Әбілқасымова.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік