Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат: 27 мың теңге айлыққа қалай өмір сүруге болады

Мәжілісте білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту туралы мәселе көтерілді. Бұл туралы депутат Гүлжан Қарағұсова депутаттық сауал жолдады.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне жалақы төлеудің жаңа жүйеге көшу арқылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын  28%-ға, білім және ғылым қызметкерлерінің жалақысын 29%-ға дейін көтеру жоспарланған.

Дегенмен 2016 жылы білім қызметкерлерінің жалақысы одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,4%-ға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі бар-жоғы 0,7%-ға көтерілген. 2017 жылы білім қызметкерлерінің нақты орташа жалақысы 4,4%-ға, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі 4,3%-ға азайған.

“Яғни іс жүзінде білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің жалақысы көбеюдің орнына азайған болып тұр”, — дейді депутат.

Қарағұсова Астанадағы 18 жастан асқан мүгедектермен жұмыс істейтін “Нұрлы жүрек” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жалақысын мысалға келтірді. Бұл ұйымда  санитар қолына 30 924 теңге, тәрбиешінің көмекшісі 28 247 теңге, ас үй жұмысшысы 27 390 теңге алады екен. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес, әлеуметтік қызметкерлер 26 мыңнан 40 мың теңгеге дейін алатынын атап өтті депутат.

“Коммунальдық төлемдердің өзі орташа 15-20 мың теңге болып жатқанда мұндай жалақыға қалай өмір сүруге болады? Оған қоса азық-түлік сатып алу қажет, жолақысы бар, балаңды балабақшаға беруің керек. Қызметкерлердің көбісінің басында баспана жоқ, аядай ғана бөлмені жалдап отыр”, — дейді ол.

Депутат мұндай жалақымен қызметкерлердің көбі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына да қатыса алмайтынын ашына айтты.

17 697 теңге көлеміндегі базалық лауазымдық жалақы 2011 жылы бекітілген. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40%-дай аз және жеті жыл бойы өзгермеген.

Осыған байланысты Қарағұсова базалық лауазымдық жалақыны заңмен бекітілген айлық жалақының ең төменгі көлемімен алмастыруды ұсынды.

Тағы оқыңыз:
Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы бостандыққа шықты

Алматы облысында қабаған иттер 7 жасар баланы талап тастады

БҚО-да көпбалалы отбасы 18 жылдан бері мемлекеттен үй ала аламай жүр (видео)

Алматылық жігіт Атырауда жезөкшелер үйін ашқан

Талқылау