Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денсаулығы күрт нашарлаған": Түркістан облысында сыныптасымен жанжалдан кейін көз жұмған оқушының өліміне қатысты іс жабылды

Фото: Stan.kz

Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 12 жастағы оқушы сыныптасымен жанжалдан кейін көз жұмған. Полиция қылмыстық құрам болмағандықтан істі тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға осы жылдың ақпан айында болған. Ұлағаттың анасының сөзінше, жанжал мұғалімнің сабақта болмаған кезінде болған. Оның айтуынша, Ұлағат сыныптасының телефонын тартып алған, соған ашуланған бала оның мойнын қыса бастаған. Балалардың айғайын кезекші мұғалім естісе де, ешқандай шара қолданбаған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқушының өліміне байланысты "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.


Шампур тығып алған: Алматы облысында 11-сынып оқушысы мектеп бітіру кешінде құрдасын өлтірді деп айыпталды


"Тергеу барысында баланың өлімі денсаулығының күрт нашарлауынан болғаны анықталды. Ол ауруханаға апара жатқанда көз жұмған. Тергеу аясында куәгерлер мен мұғалімдерден жауап алынды, зардап шеккен тараптың уәждері мен бейнежазбалар зерттелді, қажет сараптамалар тағайындалды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, оқушы тілінің артқа кетіп, тыныс жолдарын жауып қалуынан асфиксияға ұшырап көз жұмған. Денесінде зорлық-зомбылық, соққы немесе тұншығу белгілері анықталған жоқ", – деп хабарлады полиция департаментінің өкілдері.

Тергеу оқушы өлімінің қылмыстық сипатта болмағанын анықтап, істі қылмыстық құрам болмағандықтан тоқтатты. Істі тоқтату туралы қаулыны прокурор заңды деп таныды.

Осы оқиғаға байланысты мектеп директоры мен бес мұғалім жұмыстан босатылды.

Еске салсақ, Түркістан облысының тұрғыны 12 жастағы ұлын сыныптасы қылқындырып өлтіргенін айтқан еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 21:13
Талқылау