Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатты өкінемін: Денис Тен соңғы рет тамақтанған мейрамхананың иесі сол күні не болғанын айтып берді

Бүгін Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта мәнерлеп сырғанаушы соңғы рет тамақтанған мейрамхананың иесі жауап беріп, оның өліміне қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сот залынан.

Денис Тен

Мейрамхана иесі Руслан Хайруллаев – Денистің сыныптасы. Ол спортшыны 2000 жылдан, мектептің 1-сыныбынан бастап таниды екен. Сыныптастар мектепті тәмамдағаннан кейін араласпаған. Тек бір рет желіде хат алмасыпты. Сыныптасының айтуынша, олар көшеде кездейсоқ кездесіп қалған. Ертесі күні Руслан желіде Дениске жазған.

“Осыған дейін ол мені өзіне шақырған еді. Оған тамақтану саласы қызық болды. Екеуіміз нақты қай күні кездесетініміз туралы келіспедік. Тей кейін бір кездесетінімізді айттық. Сол күні кездесу туралы 20 минуттың ішінде шешілді. Мен одан жағдайын сұрағанымда, Денис мейрамханада болсам 15 минуттан кейін кіріп-шыға алатынын, сағат үште кездесуі бар екенін айтты.

Дастархан басында біздің маркетолог Мадина және менің бизнестегі серіктесім болды. Әңгіме айтып, күліп отырдық. Сосын Денис кетуі керектігін айтты. Мен оны күштеп ұстағаным жоқ. Қоштастық. Әрі қарай отырдық. 10 минуттан соң тазалықшы біреуді пышақтап кеткенін айтып, айқайлады”, – дейді Хайруллаев.

Алайда бұған дейін мейрамханаға жігіттер кіріп, көмек сұраған. Сол кезде бармен дәрі қобдишасы, аспаз да екінші дәрі қобдишасын алып, көшеге жүгіріп шыққан. Бұл кезде Руслан ештеңе естімепті. Ол тазалықшының айқайын естігеннен кейін ғана көшеге атып шығыпты.

Осыдан кейін көшеге шыққан Руслан Денистің қансырап жатқанын көріпті. Сол жерде аспаз, бармен, бір әйел және екі полицей болған.

“Көшеге шыққанымда Денис ессіз жатты. Үстінде футболкасы, аяғындағы спорттық аяқ киімі болмады. Көп қан кеткен. Етпетінен жатты. Артынша жедел жәрдем дәрігерлері адреналин салды ма, әйтеуір оған жан кіргенін, демалғанын көрдім. Адамдар шулап жатты. Бір әйел жүрді. Артынша Денистің анасы келді”, – деп еске алды сыныптасы.

Айтуынша, сол кезде ол жедел жәрдеммен бірге кете алмапты. Себебі полицейлер оқиға орнында қалуын сұраған.

Десе де Денистің анасы осы тұста Русланға сұрақ қойып, қалайша мейрамханада отырған кезде адамдардың шуын естімегенін сұрады.

“Ешқандай дауысты естімейтіндей, Уәлиханов екеуің кондиционер туралы не айтып отырдыңдар? Аспаздарыңның басқан қадамы естілетінін, оның қандай екенін барлығы біледі. Қалай байқамай отырдың? Сендер отырған жерден спорт алаңы жақсы көрінеді. Сол уақытта алаң жаққа қарадың ба?”, – дейді Оксана Тен.

Алайда сыныптасы мұндай жағдай болады деп күтпегенін, алаң жаққа қарамағанын айтты.

“Шығарып салмағаным үшін талай рет кешірім сұрадым. Қатты өкінемін”, – дейді Руслан даусы үзілейін деп.

Сот процесінде Оксана Тен түскі астың біртүрлі болғанын атап өтті. Сол жерде тек Денис тамақтанған және оны ешкім шығарып салмаған.

“Сендер оны шығарып салмадыңдар. Онымен бірге жедел жәрдеммен бармадыңдар. Бұл түскі ас не үшін керек болды? Мүмкін оны түскі асқа шақыруыңды әлдекім сұраған болар?

Денистің көңілі толмады. Ол уақытын зая еткені үшін өкінді. Сендер оған үлкен құрметсіздік көрсеттіңдер”, – дейді Денистің анасы.

Оған жауап берген Руслан Хайруллаев сыныптасын қонақ еткісі келгенін, ешқандай арам ойы болмағанын жеткізді.

Қанды оқиғадан  кейін Русланның мейрамханасы жабылып қалған. Алайда оған мейрамханадағы кондиционердегі ақау себеп болыпты.

“Алғашқы 3-4 күн жабық болды. Себебі кондиционерлерге қатысты қиындықтар туындады. Оларды тазалады”, – дейді ол.

Сонымен қатар сот барысында Руслан сотталушылармен туыстық және басқа да қарым-қатынасы жоқ екенін айтты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

STAN.KZ
Жұма, 04 Қаңтар, 2019 14:41
Талқылау