Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесін өртеп жіберген": Түркістан облысында арнайы жасақ аяусыз кісі өлтірген күдіктілерді ұстады

Түркістан облысындағы криминалдық полиция қызметкерлері бір апта ішінде бір адамды өлтіруге және екіншісін тонауға қатысы бар деп болжанған бандиттік топ мүшелерін анықтай алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке

Шамамен бір апта бұрын Ордабасы ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ағасының Mazda-626 автокөлігімен жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

Іздестіру барысында Шымкенттің маңында ер адамға тиесілі автокөлік өртеніп кеткен күйінде табылды. Біраз уақыттан кейін Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының маңындағы алқапта із-түзсіз жоғалған адамның сүйегі табылды. Іздестіру ісі Қылмыстық кодекстің "кісі өлтіру" деген 99-бабына қайта сараланды.

"Ауыр қылмысты ашу үшін облыстық департаментте криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері қылмыс орнын мұқият тексеріп,  марқұмның өмір салтын, оның достары мен таныстарының ортасын зерттеді, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлермен сұхбаттасып, қажетті ақпаратты жинады",-деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бір апта ішінде болжамды қылмыскерлер анықталды. Олардың барлығы бұрын бірнеше рет сотталғанын ескере отырып, оларды ұстауды "Бүркіт" арнайы жасағының қатысуымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

"Пайдакүнемдік мақсатта күдіктілердің екеуі Шымкент көшелерінің бірінде жәбірленушінің көлігін тоқтатып, алып кетуді өтінген. Көрсетілген мекенжайға келгеннен кейін қаскүнемдер жүргізушіге шабуыл жасап, тұншықтырып, оның телефонын алып, ал денесін далаға шығарып, өртеген. Содан кейін Шымкентке қарай бет алған, онда қаңырап қалған жерде көлікті өртеп, қашып кеткен. Мұнымен тоқтап қалмай, олар тағы екі серіктесімен бірге ВАЗ автокөлігінің жүргізушісіне шабуыл жасап, 45 мың теңгелік барсеткасын күшпен тартып алды", - деп нақтылады аймақ полициясында.

Қазіргі уақытта екі факті бойынша қылмыстық кодекстің "адам өлтіру" және  "тонау" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Төртеуі де қамауға алынды. Егер ұсталғандардың кінәсі дәлелденсе, онда  олар 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазір ұсталғандардың барлығы аймақ аумағындағы басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2020 17:27
Талқылау