Денесі түгел көгерген: Қызылорда тұрғыны 8 жастағы қызын құрбысының жолдасы зорлады деп күдіктенеді
Қызылорда тұрғыны құрбымның бірге тұратын азаматы қызымды зорлады деп күдіктенеді. Ол полицияға арыз жазғанымен, істің қозғалмай тұрғанын айтты. Тиісті сараптаманы жүргізген жоқ дейді өзі.
Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.
"Әйгерім тәте мені шынжырмен ұрды. Қатты ұрды", - дейді 8 жасар қыз.
Гүлмираның қызы өткен оқиға туралы айтқысы келмейді. Анасы 6 баласын асырау үшін күн сайын жұмысқа кетіп қалып жүрді. Балаларын тастайтын ешкім облмаған соң құрбысына сеніп тапсырған.
"Мен қызымды жуындырайын деп едім, ол қашқақтады. Киімін шешісі келмеді. Денесін қарасам, сау жері жоқ. Бәрі көгерген. Не болды десем, жылап айтпайды. Тыныштандырып, сосын сұрай бастадым. Көршілерімді ертіп әкеп, олармен сөйлестірдім. Қызым құрбымның мас болғанын, еркектерді әкеп ішімдік ішкенін айтты", - деді анасы.
"Біз қыздың денесін көрдік. Көгерген іздерді көрдік. Ұрғаны анық көрініп тұр. Оны суретке түсіріп алдық. Ауруханаға апарып едік, ол жерде гинеколог жоқ. Балалар дәрігері ғана тексерді. Кіші дәретін тапсырмақ едік қыз дәретке бара алмады", - деді көршісі.
Қыздың анасы полицияға арыз жазды.
"Учаскелік полицей оқиғаны тексерді. Сот-медициналық сараптама ұрып-соғу болмағанын айтты. Біз протокол толтырып, істі әкімшілік сотқа жібердік", - деді қалалық полиция басқармасы жетекшісінің орынбасары Ермекбай Құдайбергенов.
Ал жәбірленушінің бұған көңілі толмайды.
"Олар қызымның кеудесін ғана тексерді. Оның белінен төмен қарайғы көгерген іздерін көрген жоқ. Осыдан соң қалай бағалайды?", - деді жәбірленуші.
"Біздің мамандар берген мәліметінің дұрыстығы үшін заң алдында жауап береді. Көңілі толмаса, қайта сараптама тағайындауға болады. Бірақ мамандар дұрыс нәтиже берді деп ойлаймын", - деді облыстық сот сараптамасы институтының директоры Бақытбек Ержанов.
Жәбірленуші егер бәрі дұрыс болса, қызым неге жылады деп алаңдайды. Құрбысы да қаладан кетіп қалмас еді деп күдіктенеді. Полицейлер қызымды психологпен де сөйлестірген жоқ деп ашулы.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
