Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 миллионға дейін ақша аударған: Декрет демалысына шыққанда қыруар қаржыға кенелеміз деген әйелдер сан соғып қалды

Фото: Видеодан скрин

Қызылорда облысы Шиелі ауданында жүзден астам келіншек декрет демалысына шыққанда қыруар қаржыға кенелеміз деп, алаяқтың арбауына түскен. Алаяқтың сөзіне сеніп олар 1 миллионнан 10 миллионға дейін ақша аударған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Босанғанына алты ай өткен жәбірленушілер қыруар қаржыны былай қойғанда, өзі салған ақшасын ала алмай отыр. Олардың бірі – Ақбаян Кенже. Ол декреттік төлемнен қомақты қаражат алу үшін жолдасы екеуі тірнектеп жинаған 13 миллион теңгені санап беріпті.

“Әне күтіңіздер, міне күтіңіздер тексеріс болып жатыр, бәрі түсіп тұр, наурыздың аяғында барлығын шешіп, қолыңызға қомақты сома ұстатамын” деді. Ақша да жоқ, өзі де жоқ. Хабарлассақ алмайды. Содан бері алты ай өтті, міне”, – дейді Ақбаян Кенже.

Алаяқ құрбандарына әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы декреттік төлемді еселеп беремін деа алдап, әлі күнге дейін уәде беріп келеді екен. Әйелдің құрғақ уәдесіне тойған жәбірленушілер бүгінде полицияның табалдырығын тоздырып жүр.

“Бір күнде бірнеше қыз үлкен көлемде 7-8 миллиондап, 10 миллиондап салып жатты. “Міне, тәте көріп тұрсыз ба жұрттар 10 миллион салып жатыр, тым болмаса, 1 миллион салып көрсеңізші” деді. Мақұл дедім. Аудандық ішкі істер бөліміне де қыздар арыз жазып жатыр. Ол да аяқсыз қалып жатыр”, – Шиелі ауданының тұрғыны Гаухар Дүйсебаева.

Ал полиция қызметкерлері 33 жастағы келіншектің үстінен бірнеше арыз түскенін растады. Қазір істің мән-жайын анықтап жатырмыз дейді.

“Шиелі аудандық полиция бөліміне ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Бүгінде қылмыстық-процестік кодекстің 181-бабының 5-бөлігіне сәйкес, Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік сақтандыру қорына келтірген шығындарды анықтау мақсатында жолданды”, – деді Шиелі аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Абылайжан Сейдахан.

Тәртіп сақшылары шығын көлемі анықталған соң ғана тергеу басталады деп отыр. Құзырлы орган өкілдері декреттік төлемдерді заңсыз ұлғайтудың өзі қылмыс екенін ескертеді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 08:24
Талқылау