Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Декретке миллиондармен шығуға көмектескен екі қазақстандық 6 жылға сотталды

декретке миллионмен: ақтөбелік екі әйел 6 жылға сотталдыФото: freepik.com

Ақтөбеде миллиондаған ақшамен декрет демалысына шығарумен айналысқан екі әйел 6 жылға сотталды. Олар мемлекетке 98 миллион теңге шығын әкелген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

2023 жылдан 2024 жылға дейін екі бухгалтер ақтөбелік әйелдерге декрет демалысына шықпас бұрын ондаған жеке кәсіпкер (ИП) рәсімдеп, сол арқылы миллиондаған әлеуметтік төлемдер алдыртқан.

Сотталушылардың бірі – 39 жастағы Гаухар, екіншісі – 28 жастағы Тұрсынай. Екеуі де жеке кәсіпкер, бухгалтерлік және салық есептілігін жүргізумен айналысқан. Олар алаяқтық әрекеттері үшін сот алдында жауап беріп жатыр.

Іс материалдарына сәйкес, Гаухар әлеуметтік желілер арқылы "Декретке миллионмен" атты курсқа қатысып, онда әйелдерді декретке шықпас бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеу, жұмыс орындарын жасау, әлеуметтік жарналарды дұрыс төлеу арқылы көп әлеуметтік төлем алу жолдарын үйренген. Ол Instagram парақшасында "Декретке миллионмен" деген жарнама жариялап, жүкті әйелдерге миллион теңге алуға көмектесетінін айтқан. Кейін осы істі өзінің бухгалтер танысына тапсырған. Ол да бухгалтерлік және салық есептілігі бойынша тәжірибесі бар, кәсіпкерлерге кеңес берген.

Бірінші клиентінен бухгалтерлер 1 миллион 64 мың теңге алған. Ол өз ЭЦП кілтін берген. Ал бухгалтерлер оны бірден 12 жеке кәсіпкер ретінде тіркеген. Бухгалтерлер оның атынан әлеуметтік жарналар – 235 200 теңге, зейнетақы жарналары – 144 000 теңге, медициналық сақтандыруға – 72 000 теңге төлем жасаған. Кейін оған 12 жеке кәсіпкерлік арқылы ақшалай жалақы алғанын растайтын жалған кассалық құжаттар толтырған. Нәтижесінде оған жүктілік және босану үшін 4 053 404 теңге әлеуметтік төлем тағайындалған. Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын 185 140 теңге төленген. Ақша шотқа түскеннен кейін, әйел бухгалтерлерге 532 000 теңге сыйақы ретінде берген.

Ал екінші клиенті декретке шығарда бухгалтерлер 13 жеке кәсіпкерлік рәсімдеген. Оған да әлеуметтік жарналар мен зейнетақы, медициналық сақтандыру жарналары төленген. Оған 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың ақпанына дейін жалақы алғанын растайтын жалған кассалық құжаттар толтырылған. Осылайша әйелге жүктілік және босану бойынша 4 070 501 теңге, бала күтімі үшін 1,5 жасқа дейін ай сайын 204 167 теңге әлеуметтік төлем тағайындалған. Ақша шотқа түскеннен кейін әйел бухгалтерлерге 532 000 теңге берген.



Бухгалтерлер үшінші жүкті әйелге 19 жеке кәсіпкерлік ашқан. Оған жүктілік және босану бойынша 3 981 292 теңге, бала 1,5 жасқа толғанға дейін 169 417 теңге төленген. Ол да бухгалтерлерге 532 000 теңге төлем жасаған. Кейбір әйелдер тіпті 1-2 миллион теңге көлемінде сыйақы берген.

2023-2024 жылдары бухгалтерлер осылай ондаған әйелді миллиондаған әлеуметтік төлем алып, декретке шығарған.

Ақтөбе филиалының мәліметі бойынша, олардың әрекеттері мемлекетке 98 миллион теңге зиян келтірген. Енді бұл қаражатты қайтару керек. Сотқа дейін Гаухар 25 миллион теңге өтемақы төледі. Қалғанын ГФСС филиалы азаматтық сот арқылы талап етуді жоспарлап отыр.

Алаяқтық үшін сот бухгалтер әйелдерді 6 жылға бас бостандығынан айырды. Мүліктерін тәркіледі және бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айырды. Бірақ балалары 14 жасқа толмағандықтан жаза 5 жылға кейінге шегерілді.

Сотталғандардың жылжымайтын мүлкіне салынған тәркілеу шаралары күшінде қалды. Сондай-ақ Мұғалжар ауданында да декрет төлемдерімен байланысты тағы бір даулы іс қаралып жатыр. Онда мемлекетке келтірілген зиян 187 миллион теңге.

STAN.KZ
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 13:42
Талқылау