“Дайын тамақ, жағдайым жасалған”: Үш ұлдан қайыр жоқ деген қарияның қарттар үйіне көшкен бейнежазбасын жұрт қызу талқылауда
Әлеуметтік желіде егде жастағы ер кісінің қарттар үйіне көшкен бейнежазбасы жұрттың назарына түсті. Қария үш ұлдан да қайыр болмаған соң осындай қадамға барған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеодан кадр
Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Автор кәрі кісіні Қарағандыдағы қарттар үйіне көшіруге көмектесіп жүргенін айтады. Видеодан көлікке тиелген жүк пен қолына таяғын ұстаған қарияны көресіз. Ол төрт баласының 6 жылдан бері хабарласпайтынын, олармен араласпайтынын айтып, осындай шешім қабылдаған екен.
“Дайын тамақ, жағдайым жасалған. Балаларым менің жолымды қуған, заңгер. Бәрі үлкен қызметте. Үлкен ұлым Қарағанды облысында тергеуші, екіншісі Абайда прокурор. Үшіншісі Алматыда. Жалпы 3 ұл, 1 қызым бар. 6 жыл болды ешқайсысы араласпайды. Қайыр жоқ олардан. Әйелім қайтыс болған”, – деп жағдайын айтады қария.
Бейнежазбаға желідегі жұрт түрлі пікір қалдырған. Бірі “ұят жағдай” деп ұлдарының әрекетін сынға алса, енді өзгелері “үлкен қызметке барғандардың көбі ата-анасын осылай өткізіп жібереді” дегенді жазған.