Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың түрмеден шығып-шықпағаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, депутаттың ұлы бостандыққа шыққан.
“Азамат сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтегеніне байланысты босатылды”, – делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, 2023 жылғы 11 ақпанға қараған түні Алматыда депутаттың ұлына қатысты даулы оқиға болды. Нұрасыл Болат адвокаттар Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққан. Жәбірленушілердің айтуынша, олар Болат агрессия көрсеткен қызды қорғамақ болған.
Кейін оқиға кезінде Болат мерзімді әскери қызметте болғаны және Отардағы әскери бөлімде болуға тиіс екені белгілі болды.
2023 жылғы 9 қазанда әскери сот оны бұзақылық ниетпен денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салды. Ал 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы сот үкімді өзгертіп, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Тойда жүргені анықталып, бостандығынан айырылды
Бас бостандығын шектеу жазасына және түнгі уақытта ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынғанына қарамастан, 2024 жылғы 14 қазанда Болат тойда жүрген жерінен көзге түсті.
Кейін сотта оның басқа да тәртіп бұзушылықтары анықталды:
- 2024 жылғы 14 тамызда түнгі сағат 03:00-де қоғамдық орында болған;
- 2024 жылғы 11 қазанда кешкі уақытта мейрамханада болған;
- 2024 жылғы 12 қазанда түнгі ойын-сауық орнында жүрген.
Пробация талаптарын өрескел бұзғаны үшін 2024 жылғы 21 қазанда Медеу аудандық соты жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Сот залында оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, қамауға алынды.
"Балам үшін әрқашан алаңдаймын": Дәулет Тұрлыханов ұлына қатысты шыққан сот үкіміне пікір білдірді
Сол жылғы қарашада Нұрасыл Болат пен оның қорғаушылары үкімге шағым түсірген, алайда апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
2025 жылғы қыркүйекте Нұрасыл Болат жазасының қалған бөлігін жеңіл жазаға ауыстыруды сұраған. Ол түзелгенін айтып, оны прокурор мен жәбірленушілер де қолдаған.
Алайда сот оны қамауда қалдырды. Судья оның бұрынғы “өрескел тәртіп бұзушылықтарын” еске салып, Болат өз түзелгенін дәлелдей алмады деген қорытындыға келді. Нәтижесінде ол жазасын толық өтеді. ҚАЖК мәліметіне сүйенсек, қазір ол бостандыққа шыққан.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды