Депутат Дәулет Мұқаевтың анасы қайтыс болды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың анасы дүниеден озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://dauletten.kz/
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның айтуынша, депутаттың анасы емі жоқ дертпен күрескен.
“Бүгінгі күн қаралы хабармен басталды. Дәулеттей алтын баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана бүгін Раббысына қайтты...Құлыным Дәукебай! Қазаның арты қайырлы болсын! Естіп, қабырғамыз қайысып қалды... Өзіңді қатты уайымдаушы еді, "Дәукебайым туралы айтылған, жазылған жаман пікір оқысам, жүрегім ауырады" деп еді... Жүрек темір емес қой, бүгін тоқтаған екен.... Қайғыңа ортақпыз! Барша қазақ халқы сенімен бірге!”, – деп жазды айтыскер.
Одан кейін экс-сенатор, журналист Дана Нұржігіт те депутаттың отбасына қайғырып, көңіл айтты.
“Дәулетжан, айналайын! Кеше ғана сөйлесіп, жағдайыңды біліп отырған едім. "Күлекеңнің денсаулығы оңалып келе жатыр ма?" деп, ең болмаса жылтыраған үміт бар ма деп едім... Қайтейін?! Тағдыр басқалай болды. Ерсің бе, әйелсің бе, жассың ба, кәрісің бе, хан бол, қара бол, ананың орны бәрінен биік, бәрінен бөлек, бәрінен ерек. Күлекең мен Төлеутай әкеңді сонау "көшбасшыға" өзіңе жанкүйер болып, студияға келіп жүрген кезінен білем ғой. Баласы үшін құрақ ұшқан ата-ана. Құдай берген ұл-қызына бәрін сарқып берген жанкешті адамдар. Қарапайым қазақ. Күлекең – мейірбике, Төлеутай әкей – сол ауруханада ұста. Екі баланы жеткізіп, Семейден Астанаға көшіп келіп, енді құлашын кеңге жайып, немересін мейірлене сүйіп отыратын кезде... Қап, қап! Төкеңе қайғырып көңіл айтамын! Жарасып өмір сүрген жұбынан қапыда айырылу – жан азабының ең ауыры. Дәуке, Лаура, Арука, туған-туыс, дос-бауырға қайғыра көңіл айтамын! Сабыр…", – деп жазды журналист.