Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дастан Оразбеков жарын перзентханадан салтанатпен шығарып алды (фото, видео)

Жуырда ғана дүйім жұрттан сүйінші сұрап, әлеуметтік желі арқылы ұлды болғанын хабарлаған Дастан Оразбеков бүгін сәбиін перзентханадан шығарып алды. Жұлдызды жұптың қуанышына ортақтасып қайтқан Stan.kz тілшісі жұбайлардың көңіл-күйін біліп, эксклюзивті сұхбат алған болатын.

«Өзімді өте керемет сезінемін. Махаббат одан сайын екі есеге ұлғайды. Одан сайын мейірімім өсті. Екеуінің арасы 9 жас болғандықтан, екеуі екі түрлі. Бірақ, үлкен ағасы бар. Жалпы, бақыттымын. Бала деген ол тәтті ғой. Бала сүю деген әйел бақыты ғой», – дейді әншінің жұбайы Жанат Оразбекова.

Иә, бұл жұптың тұңғышы Алдияр 9 жаста. Ал, Оразбеков ұзақ уақыт күткен мұрагерін Дастанұлы Демирел деп азан шақырып атын қойған.

«Тұңғышымызды толғағын ұзақ уақыт күткен едік. Екіншімізді тез арада екі сағаттың ішінде сүйіктім тарс-тарс еткізіп, мәссаған керек болса деп тезірек сыйлық жасады», – дейді Дастан әзілдеп.

Айтпақшы, Дастан үлкен ұлы дүниеге келер сәтте жұбайына серіктес болған екен. Сондай-ақ, жұлдызды әке бұлы жолы да бұрынғы үрдістен жаңылмағанын жасырмады.

«Жанымыздың бір-бірімізге деген жақындығынан шығар, жүрегіміз бір болып кетті. Ал, қиналған сәтте қасында болмасам, неліктен оның жанында жүрмін деген сұрақ туады. Сондықтан, ең қиналатын сәтте қолынан ұстап, қасында болдым. Оның үстіне ол қорқатын дүние емес. Ол табиғи нәрсе болғандықтан, қасында болуға тырыстым», – дейді Дастан Оразбеков.

Дастан мен Жанаттың жанұясындағы қуанышты бөлісуге өнердегі әріптестері де арнайы келген. Мәселен, Айқын Төлепберген бұл жолы достар арасындағы қалыптасқан дәстүрді жария етті.

«Дос балалардың жұбайы ұл туса көбінесе жігіттер өзіміз жиналамыз. Бұл жолы да көп жігіттер өзіміз отырып, караокеге жиналып алып тойлаттық. Таңға дейін қыдырып, ерекше есте қалар сәттердің бірі болды», – дейді Айқын Төлепберген.

Дәл қазір жұлдызды жанұясының шаңырағында шілдехана тойы өтіп жатыр. Ал, біз өз тарапымыздан бөбектің бауы берік болсын дейміз.

Тағы да оқыңыз:

Талқылау