"Дәрігерлер өмір сүрмейді деді": Семей тұрғыны ауру баласын перзентханада тастап, 9 жылдан соң қайта іздеп барған
Тоғыз жастағы Димаштан туған анасы перзентханада дәрігерлердің кеңесімен бас тартқан. Ақ халаттылар кеміс туған бала ұзаққа бармай, шетінеп кетеді деп болжам жасаған. Алайда шешесі теріс айналған бала бүгінде аман. Әуелі балалар үйінде, кейін ШҚО-дағы Аягөз қаласының интернатында тәрбиеленген Димаштың аман екенін туған анасы тек бірнеше жыл өткеннен кейін білген. Сөйтіп қолына қайта алуға шешім қабылдайды.
Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды.
Көрер жарығы бар бала бірнеше жылдан кейін ата-анасымен қайта табысты.
Сал ауруына шалдыққан Димаш сау болмаса да алғашқы қадамын басып жүр. Балақайдың жасы - тоғызда. Ауыр диагнозбен дүниеге келген сәбидің әрі қарай өмір сүре алатынына дәрігерлер кепілдік бермеген. Ал ата-анасы сол кездегі шешіміне әлі күнге дейін өкінеді. Димаш әуелі балалар үйінде, кейін Аягөздегі интернатта тәрбиеленген. Ұзақ уақыт бойы Димашпен дәрігерлер мен тәрбиешілер жұмыс істеді. Ұлдарының аман-есен екенін ата-анасы үш жыл бұрын ғана біліпті.
Сырт қарағанда 2-3 жастағы балаға ұқсайды. Іштен туғанда дамымай қалған. Анасының айтуынша, дәрігерлер баланың 1 жыл ғана өмір сүретінін айтып сендірген екен.
"Жүктілік кезінде екінші рет ультрадыбыстық тексеруге түстім. Ол кезде іште су тұнық болмады. Сондықтан бала анық көрінген жоқ. Босанар кезде тексерілгенде баланың дамымай қалғанын, басы үлкен екенін айтты. Судың түсі де жасыл болып аққандықтан маған кесарь отасын жасады. Баланы туа сала алып кетті. Мен шошып қалдым. Дәрігерлер көп өмір сүрмейді деді. Бас тартыңыздар деді. Сондықтан отбасыммен ақылдаса отыра бас тарттық. Қолхат жазып бердік. Баламды жетімдер үйіне өткізді. Одан Аягөзде болды", - деді Динара ханым.
Анасының айтуынша, жолдасы мүгедек ұлын көруге жиі келіп жүрген. Димаш үшінші балалары. Өзі төртінші сәбиіне жүкті болғандықтан Димашқа тек әкесі барып жүрген. Кейіннен бала шетінеп кетті деп ойлаған. Үш жыл бұрын үйіне соттан хат келгенде баланың тірі екеніне көзі жеткен.
"Бізге ата-ана құқығынан айырамыз деген хат келді. Сол кезде Димаштың тірі екенін білдік. Барып қайта өзімізге алдық. Бір ай болды", - деді анасы.
Генетик дәрігердің айтуынша, мұндай ауру тұқым қуалау себебінен болады. Басқа жағдайда, жүктілік кезіндегі басқа факторлар әсер етуі мүмкін. Бала жатырға біткеннен бастап патология болған десті олар.
Бағдарламаға келген дәрігердің айтуынша, баланы уақытында емдемеген. Құрсақтағы судың тұнық емес екеніне көз жеткізген соң дәрігерер қандай да бір шара қолдануы керек еді. Жатыр суы себепсіз лас болмайды деді.
"Бала іште жатқаннан бастап арнайы шараларды жасалмаған. Тіпті болмаған жағдайда жүктілікті үзу керек еді. Бұл ананың да, баланың да зардап шекпеуі үшін жасалады. Тіпті өмірге келген сәттен бастап бас отасын жасатып, оның сауығуына, аяққа тұруына көмектесуге болар еді. Ата-анасы басқа дәрігерлерге қаратпаған. Дәрігерлер тиісті ем жүргізбеген", - деді невролог Гаухар Сұлтанханқызы.
Саясаткер, меценат Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, бала мен ананы тексерген, босандырған, емдеген дәрігерлердің бәрін жазалау керек. Жауапқа тарту керек. Бұл мәселеге министр назарын аудару керек.
"Бұл жүйенің кінәсі. Денсаулық сақтау министрлігі жүйесінің әлсіздігі. Дәрігерлер неліктен уақытында ем жүргізбейді? Неге дұрыс кеңес бермейді? Не себепті отасын жасамады? Неліктен ауру баланы бас тартқызып, жетімдер үйіне өткізеді. Ол - адам баласы. Оған өледі деп емес, ауруына айығады деп қарау керек. Бұл істе жауапсыздық пен білімсіздік тұр. Анасы баласынан қорқып босанғаннан кейін күйзеліске түскен. Оған дәрігерлер өмір сүрмейді деп тағы соққы берген. Психологиялық кеңес берудің орнына, баладан бас тартуға үгіттеген. Оны балалар үйінде ата-анасы секілді кім қарайды? Бұл мәселені ШҚО әкімі Даниял Ахметовке, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жеткізу керек. Мен бұл істі назарға алып, министрге хат жазамын", - деді меценат.
Азаматхан Әміртаев Динара ханымға кір жуғыш машинасын сыйлады. Ал бағдарлама атынан Димашқа арнайы ортопедиялық құрал сыйға берілді.