Дәрігерлер: Иттен жұғатын аурулар мүгедектіктен адам өліміне дейін апаруы мүмкін
Жаз мезгілінде түрлі аурулардың таралу қаупі күшейе түсетіні белгілі. Сондай дерттердің бірі – эхинококкоз.
Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы қоғамдық денаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Г. Есіркепованың айтуынша, адам эхинококкозы – ауыр, созылмалы мүгедектікке дейін апаратын, ал асқынған кезде өліммен аяқталатын құрт ауруы. Ол – кішкене дән көлемінен жас туылған баланың басы көлеміне дейін ұлғаятын сұйыққа толы дене. Бұл ауру барлық елдерде кездеседі, деп жазады Замана.
Эхинококк иттің ішегінде өмір сүреді. Жұмыртқалары немесе оның мүшелері нәжіспен бөлініп, сол ауру жұқтырған ит жүнін, суды, топырақты, шөпті және жұғысқан бөлмені, ыдыстарды ластайды.
Оның жұмыртқалары қоршаған ортада өмір сүруге өте төзімді. Сумен және тамақпен оның жұмыртқалары ауыл шаруашылығы жануарларының ішегіне түседі. Содан барып бауырға және өкпеге енеді. Осында оның личинкалары эхинококк сұйықтығына толы шар тәрізді денеге айналады.
Осы шар тәрізді дененің ішінде түссіз сұйықтық және ұсақ құм тәрізді эхинококкоз қоздырғыштары болады. Малдың ауру жұқтырған мүшесін итке жеуге берсе, оған жұғады. Адамдар оның жұмыртқаларын сумен, тамақпен, кір қол арқылы жұқтырады. Егерде қойлар немесе сиырлар ауру итпен бір жерде жатса, оның жұмыртқалары малдың жүніне түсуі мүмкін, одан барып мал қырқу, күту кезінде, сиыр сауғанда және тағы басқа жағдайларда адамның қолына түседі.
Эхинококкоз қоздырғыштары адамның кез келген мүшесін зақымдауы мүмкін. Әсіресе бауыр мен өкпе көп зардап шегеді, сөйтіп эхинококкоз ауруы пайда болады.
Егер эхинококкозбен бауыр зақымданса, оның оң жағында ауырсыну сезіледі, ал өкпе зақымданса, онда науқастың кеуде тұсында ауырсыну сезіледі, жөтел, ентігу, кей кезде қан түкіру пайда болады.
Эхинококкоз қоздырғышы барлық іш құрылысқа жайылып және одан әрі асқынуы мүмкін. Бұл асқыну адамның өліміне соқтырады. Оның емі тек операциялық жолмен нәтиже береді.
Ауру клиникалық, рентгенологиялық және зертханалық жолмен анықталады.
Эхинококкоз мәселесі медицина мекемесіне ғана емес, ветеринарлық мекемеге де қатысты. Эхинококкоздың алдын алу үшін бірінші кезекте қаңғыбас және иесіз иттермен күрес жүргізу және оларға міндетті түрде жылына екі-үш рет дегельминтизация (құрттарға қарсы дәрілеу) жүргізу қажет.
Ал жеке бастың гигиенасына, аурудың алдын алу шараларына келсек, балаларды итпен ойнатпаған дұрыс, олардың итті өз ыдыстарынан тамақтандырмауын қадағалау қажет. Иттің балалардың беті-қолын жалауын болдырмады қадағалап отыру керек. Өйткені ит, мысық үй жағдайында таза ұсталынса да олардың жүнінде құрттың жұмыртқалары жүреді.
Тағамға жуылмаған көкөніс, жемістерді, жабайы өскен шөптер мен бүлдіргендерді қолданбау керек. Сондай-ақ ашық су қоймаларынан қайнатылмаған суды ішпеу қажет.
Осы ереже тәртіптерді ересектердің өздері де орындауы қажеттігін естеріңізге саламыз. Эхинококкоздан сақтаныңыздар!
Тағы да оқыңыз:
Ғалымдар: Секс қартаюды баяулатады
Азаматтар медициналық сақтандыруға салым салғанда қандай қателік жібереді?
Қызылжарлық дәрігер қатерлі ісікті анықтайтын мобильдік қосымша ойлап тапты