"Дәрігерлер алып тастау керек" деді": Азамат Сатыбалды тұңғышының ерекше бала боп туғанын айтты
Фото: Видеодан скриншот
Тележүргізуші, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды “Алғашқы” бағдарламасына берген сұхбатында тұңғышы дүниеге келер сәтте басынан өткен қиындықтар туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, жұбайы Назгүл Қарабалина ұлы Сұлтанға жүкті кезінде қатты ауырып, әлі дүние есігін ашпаған сәбиінің өміріне қауіп төнеді.
“Сұлтан ерекше бала болып туды. Біз баланы біраз уақыт күттік. Сұлтан Назгүлдің ішіне бітіп, жүктіліктің шамамен төртінші айында жұбайым қатты ауырып, дәрігерлер ауыр гормоналды дәрі салып жіберген. Содан дәрігерлер “Сұлтанды адам болмайды, дүниеге келмейді, алып тастау керек” деп айтты. Біз ол кезде жас отбасымыз, не үй жоқ. Мен қатты алаңдап, қорқып қалдым”, – деді ол
Жұлдызды жұп дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, баланы алып тастаудан бас тартқан.
“Бір күні әріптесім екеуміз көшеде тұрсақ, өтіп бара жатқан көлік тоқтап, жүргізушісімен әңгімелесіп қалдық. Әңгіме барысында жағдайымызды естіген ол Алматының Правда (қазіргі Алтынсарин көшесі) көшесінде тұратын бір әйел кісі туралы айтты. Сонымен ағамыз Азат Сейтметовтың көлігімен Рая есімді емшіге апарып, көтеріп кіргіздік. Бір уақытта Назгүл өз аяғымен келе жатыр. Рая апамыз “Бәрі жақсы, кішкене көз тиген, бала аман-есен тиіспеңдер” дейді. Ал дәрігерлер баланың адам болмайтынын айтады, мен қайтадан жылап-еңіреп Рая апаға барамын. Сонда ол кісі “Жоқ, бәрі жақсы болады, бұл ұл бала, бұл бала дүниеге келгенде сендерде бәрі болады, табыс та, атақ та, тиіспеңдер” деп айтады. Сөйтіп дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, барлығын өз жауапкершілігімізге алатынымыз туралы қолхат жазып, түсік жасатудан бас тартамыз. Содан 22 қарашада Сұлтан дүниеге келеді, келер жылы ақпанда пәтер сатып алдық”, – деді ол.
Сондай-ақ әнші жас кезін есіне алып, тұңғышы дүниеге келер сәтте далада қалудан қорыққанын жасырмады.
“Бізде бір кезең болды. Мен ол уақытта “Хабар телеарнасында, театрда жұмыс істеймін, айлығым жақсы, бірақ баспанамыз жоқ. Ал Назгүлдің аяғы ауыр. Екі адамдық кішкентай ғана жатақхананың бөлмесінде тұрамыз. Қолжетімді баспана деген сол ғой, төсектен түссең болды, бәріне қолып жетіп ала бересің. Ол кезде мені көп адам таниды, жатақханадан көретін. Пәтер алғымыз келеді, біраұ ақша жоқ. “Сөйтіп несиеге болсын пәтер аламын” дедім. Енді жігітпін ғой, намысым жібермейді, әйелім босанғанда өз баспанам болу керек деп жүрмін. Банк несие берсе, пәтер дұрыс болмай қалады, пәтер тапсақ, банкте проблема шығады. Қарбалас болып кетті”, – деді өнер иесі.
Қайтсем де, өз пәтерімді аламын деп жүрген актер аяқ астынан жол апатына ұшыраған. Осы жағдайдан кейін ғана тәубеме келіп, бұл ойымды біраз уақытқа ұмытайын деп шештім дейді өнер иесі.
“Бір күні жұмыстан келсем келіншегім кезекті пәтерді ала алмайтын болғанымызды айтты, мен ашуланып кеттім. Назгүл “Айнабұлақта бір пәтер бар” деді, мен бірден “барайық, алсам да аламын, алмасам да аламын” дедім. Жолға шығып кеттік. Айнабұлаққа жетпей жол апатына түстік, пәтерді көріп те үлгермедік. Көліктің сау жері қалмады, Баян деген досымыздың басы жарылды, менің мойыным бұрылмай қалды, арамызда Назгүл ғана аман. Есімді жиғаннан кейін алладан кешірім сұрап, намазға жығылдым. Тәубеме келіп, пәтер алу туралы ойымды біраз уақытқа ұмытайын деп шештім. Кейін Мамыр шағынауданынан бір бөлмелі пәтер жалдадым. Баламен далада қалудан қорқып, жалдамалы пәтердің бір жылдық ақысын төлеп тастадым. Қарашада сол пәтерге кірдік, 22-не ұлым дүниеге келеді. Ал ақпанда өз баспанамызға жеттік”, – деді актер.
Айта кетейік,Азамат Сатыбалдының жұбайы – танымал актриса Назгүл Қарабалина. Олар студенттік шақта танысып, жас кезінен бері бірге өнер жолында келе жатқан жарасымды жұп. Назгүл Қарабалина да театр және кино саласында өзіндік қолтаңбасы бар өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін “Қазақфильм” қызметкерлері еңбекақы алмай жүргендеріне бір жыл болғанын айтып, бейбіт шеруге шыққаны хабарланған болатын. Аниматор мамандар киностудия басшысы Азамат Сатыбалдыдан соңғы бірнеше жылғы еңбегінің ақысын талап еткен еді.