Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлер 19 жастағы футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады

Фото:kffleague.kz

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жас футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме таратты. Бұл Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жас футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады. 2006 жылы туған жас азамат клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілген. Ведомство ұсынған ресми ақпаратқа сәйкес, жедел жәрдем қызметі оны оқиға орнынан дереу алып кеткен. Науқас медициналық мекемеге түскен сәтте тіршілік белгілері байқалмаған. Сондай-ақ жүрек соғысы мен қан қысымы болмаған, қарашықтары кеңейіп кеткен.

"Ауруханаға түскен сәтте науқастың тамыр соғысы мен қан қысымы анықталмады, қарашықтары кеңейген. Дәрігерлер дереу реанимациялық шараларға кірісті. Барлық мүмкін әдістер қолданылып, 30 минут бойы өмірін сақтап қалуға әрекет жасалды. Алайда, көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан, биологиялық өлім тіркелді", - делінген ресми хабарламада.

Қайғылы жағдайдың нақты себеп-салдарын анықтау мақсатында марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Басқарма өкілдері көз жұмған жас спортшының жақындарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.

"Қайтыс болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл бәріміз үшін орны толмас ауыр қаза".

Бұған қоса “Хан-Тәңірі” клубыда футболшыға жедел көмек көрсеткендерін, аман алып қалу үшін барын салғандарын айтуда.

“Оқиға матч барысында болды. Барлық үй матчтарындағыдай, стадионда жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етті. Диасқа дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем көлігі футболшыны 4 минут ішінде ауруханаға жеткізді. Алайда, дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Клуб атынан Диастың отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады”, – делінген клубтың Instagram парақшасында жарияланған хабарламада.

"Қайрат" футбол клубы Академиясы да өз тәрбиеленушісінің қазасына қатысты пікір білдірді.

"Бүгін 19 жасында "Хан-Тенгри" ойыншысы, "Қайрат" ФК Академиясының түлегі Диас Төлеу өмірден өтті.

Диас 2016–2023 жылдары біздің Академияда тәрбиеленіп, алғашқы QJ League маусымында "Қайрат" U-18 командасының сапында чемпион атанған. Ол мейірімділігімен, еңбекқорлығымен және мақсаткерлігімен ерекшеленіп, бапкерлері мен командаластарының құрметіне ие болды.

"Қайрат" футбол клубы Диастың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Қайғыларыңызға ортақпыз”, – деп жазды клуб парақшасына. 

Айта кетейік, 16 қазанда “Хан-Тәңірі” командасының шабуылшысы Диас Төлеу “Екібастұз” командасына қарсы ойында алаңда есінен танып, құлап қалған. Дәрігерлер жедел ауруханаға жеткізгенімен оның өмірін аман сақтап қала алмады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 17 Қазан, 2025 13:57
Талқылау