Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер Нұр-Сұлтандағы аурухана сыртында жатқан адам түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде адамның аурухана жанында жатқаны түсірілген видео тарады. Роликтің авторы Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 аурухана науқастарды қабылдамайтынын, адамдардың көшеде жатуына тура келетінін айтқан,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

аурухана

Аталған аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбол Тұрсынбаев мұндай жағдай болмағанын, аурухана ғимаратында жатқан науқас ішімдік ішкенін мәлім етті. 

"Біріншіден, біз COVID-19 жұқтырған науқастарға арналған аурухана емеспіз. Жедел жәрдем оларды бізге жеткізбейді. Екіншіден, видеодағы белгілі бір тұрғылықты жері жоқ ер адамды кеше белгісіз біреулер әкеліп, аурухана алдында тастап кеткен, бұл ретте қызметкерлерге хабар бермеген", - деп түсіндірді ол.

Оның сөзіне қарағанда, дәрігерлер аурухана маңында жатқан адамды көрген бойда оны ішке кіргізген, бірақ ол мас күйде болған, өзін агрессивті ұстаған және ауруханаға жатудан бас тартқан.

"Көшеде арбада отырған екінші адам да мас болған. Кеше ауруханаға жатудан бас тартты. Туыстары оны алып кетті. Бүгін оны қатты мас күйінде тағы алып келді. Қазір оған көмек көрсетіледі - ол ішімдіктен уланған", - деді бас дәрігер.

Ол қала тұрғындарынан арандатушы видеоларға бой алдырмауды және азаматтардың өмірін сақтап жүрген дәрігерлерге жала жаппауды өтінді.

Талқылау